$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Баланың қауіпсіздігі үшін көлікте арнайы белдікті қолдануға болады

AstanaTV
12.01.2015ж. 20:00
1451
Баланың қауіпсіздігі үшін көлікте арнайы белдікті қолдануға болады

Баланың қауіпсіздігі үшін көлікте арнайы белдікті де қолдануға болады. Заңда бұл мәселе қарастырылған. Жыл басынан бері елді дүрліктіріп біткен жаңа заң талаптарын министрлік өкілдері тағы түсіндірді. Бұл жолы полицейлер тіпті автокреслоға балама ретінде қолдануға болатын белдіктердің суретін бастырып әкелген.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха: «Мұндай белдіктер Ресейде небәрі 300 рубль тұрады. Бізге жеткенше шамамен 1000 теңгеге шығуы мүмкін», - дейді. Шенді автокреслоны қалтасы көтермейтіндерге осындай белдік сатып алуға кеңес берді. Құзырлы орган өкілдері өткен аптада ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі қоғамдық пікірмен жете танысқан. «13-те отау иесі болған қазақ баласы 12 жасында автокреслоға таңылды», - деген кекесінге де жауап табылды. Денесі ірі балалардың жағдайы да заңда ескерілген көрінеді.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Егер бала ірі болса, бойы 135 сантиметр, салмағы 36 келі болса, онда туу туралы куәлікті алып жүрудің керегі жоқ, көзге көрініп тұрған соң, біз де ешқандай талап қоя алмаймыз. 

Тағы бір жаңалық, бұдан былай біреуді соққыға жыққан бұзақы 45 күнге түрмеге жабылады немесе 100 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бұрын «тентектер» тек 10 күнге қамалып, 5 АЕК төлеп құтылатын. Сондай-ақ тағы бір бап әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауыстырылды. Енді мас күйінде көлік басқарғандар бақандай 500 АЕК төлейді. Ол шамамен бір миллион теңге. Егер айыпкер өз кінәсін мойындап, пұлын 7 күнде өтесе, 50 пайыз жеңілдікке ие болады. Жұмсартылған жаза түрлері де бар. Мысалы, шағын және орта бизнеске салынатын айыппұл 50 пайызға қысқарған. Басқа топтарға да жеңілдіктер қарастырылған. 

Зәуреш Баймолдина, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

Егер айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірсе, тиісті айыбын өтесе, немесе әкімшілік құқық бұзушылықты кәмелетке жасы толмаған жеткіншек, жүкті әйел жасаса, айыппұл көлемін 30 пайызға дейін төмендетуге болады.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ