Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Ұйқы ауруына» шалдыққандарды Астанаға әкеліп тексеру басталды

AstanaTV
12.01.2015ж. 20:00
1339
«Ұйқы ауруына» шалдыққандарды Астанаға әкеліп тексеру басталды

«Ұйқы ауруының» құрығына ілінгендерді Астанаға әкеліп тексеру басталды. Дәрігерлер дерттің нақты себебін әлі күнге анықтай алмай отыр. 5 қаңтарда Калачи ауылының 4 тұрғыны Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына жеткізілген.

Ақ халаттылар, олардың бұрыннан сырқаты болған, деп отыр. «Ұйқы ауруының бір себебі - сонда жатқан болуы мүмкін»,- дейді орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжин. Екі науқас - 1940 жылы туған азаматтар. Ал қалған екеуі - 1956 және 1967 жылғы тұрғындар. Ауруханаға түскен кезде науқастардың бірі жансақтау бөліміне жатқызылған. Барлығына жан-жақты тексеру тағайындалды. Орталыққа жеткізілген 4 науқастың бірі - жаңа жыл кезінде қонаққа келген Ресей азаматы екен. Бірақ дәрігерлер, науқастардың жағдайын Калачидегі түсiнiксiз жайтпен байланыстырудың қажеті жоқ, дегенді де алға тартады. Абай Байгенжин жан-жақты жүргізілген емнің нәтижесінде қазір науқастардың жағдайы қалыпты екенін жеткізді.

Абай Байгенжин, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы:

Науқастарды тексере келе, қандай да бір сыртқы факторлардың әсерін таптық деп айта алмаймыз. Сол себепті, бұрыннан бар ауруларын ғана емдеп жатырмыз. 4 пациенттен ішкі органдар, тамырлар мен жүйке жүйесінде ақау және қант диабеті сияқты аурулар анықталды. Қан жетіспеушілігі де бар. Және үш науқастың түрлі деңгейдегі ми-қан айналымының созылмалы жеткіліксіздігі, ал екі науқастың бас миының ауыр деңгейдегі морфологиялық өзгерістері белгілі болды. Ал төртінші пациенттің қан құрамында темір деңгейінің айтарлықтай төмендегені байқалды.

Айта кетейік, 2013-тің наурызынан 2015 жылдың 9 қаңтарына дейін Калачи ауылында «Этиологиясы белгісіз энцефалопатия» диагнозымен 101 адам тіркелді. Ал 2014 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Калачи ауылы тұрғындарының денсаулық жағдайын паспорттау науқаны басталды. Яғни олардың әрқайсына денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды берілетін болады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ