Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Өскемендік «Земстрой» компаниясының жұмысшылары қазан айынан бері жалақы алмаған

AstanaTV
12.01.2015ж. 20:00
760
Өскемендік «Земстрой» компаниясының жұмысшылары қазан айынан бері жалақы алмаған

Өскемендік «Земстрой» компаниясының жұмысшылары төрт айдан бері адал еңбегінің ақысын ала алмай отыр. 200-ден астам азамат өткен жылдың қазанынан бастап жалақы алмаған. Еңбегінің өтелуінен үміт үзбеген көпшілік бүгін кезекті рет жиналып, басшылықтан жалақыларын талап етті.

«Земстрой» компаниясының жұмысшылары таңнан бері кәсіпорын қақпасының алдын торуылдаумен жүр. Өзге шарасы қалмаған көпшіліктің жалғыз-ақ талабы бар - 4 айлық жұмыстарының заңды ақысын алу.

Максим Бушуев, «Земстрой» ЖШС жұмысшысы:

Басшылық өз еркімен көпшіліктің алдына шығып жағдайды түсіндірмейді. Механиктер мен өзге біреулерден сәлем жолдайды. Кәсіпорын жұмыс істеп тұр, қаржы түсіп жатыр, ендеше біз неге аш отырмыз? Түсініксіз.

Николай Серых, «Земстрой» ЖШС жұмысшысы:

Бүгін-ертең деумен келеді, уәделері таусылмайды. Жаңа жылды күзде жапқан тұздалған көкөніспен қарсы алдық. Әйелім жұмыс істейді, соның арқасында күн көріп отырмыз.

Жиналған көпшіліктің айқайына кәсіпорын басшылығы елең етпеді, камера алдына шығып жағдайды түсіндіруге тырысқан да ешкім жоқ. Жұмысшылар соңғы рет ақшаның жүзін 2014-тің қазанында көрдік дейді. Оның өзін «өндірісті тоқтатамыз» деп қорқытып-үркітіп алған көрінеді. 30 желтоқсан күні азаматтар «ақша беріп қалар» деген үмітпен күн ұзақ қақпа алдын күзеткен. Алайда одан түк шықпады. Айтуларынша, әр жұмысшының алдындағы компанияның берешегі 150 мың теңгеден асып түскен.

Қайрат Қайыржанов, «Земстрой» ЖШС жұмысшысы:

Кеше банкке барып несие рәсімдейін деп едім, бермеді. Себебі зейнетақы аударымы бірнеше айдан бері төленбей отыр.

Белсенділердің бүгінгі бас көтеруі де мәселені түк шешпеді.

Сергей Ерковенко, «Земстрой» ЖШС шебері:

Бізге компания ірі тендерді күтіп отыр дейді, сөздерінше қарыз 19 қаңтарда өтелуі тиіс. Ал егер де тендерді ұта алмаса не болады? Олар бізге «егер телевидение түсірсе, тендерден қағыламыз» деп ескертті.

Уәдеге әбден тойып, қалтасы тесілуге айналған ағайын шағым жазып, прокуратура мен еңбек инспекциясынан әділдік сұрады. Құзырлы орган өкілдері болса, тексеріс жүргіземіз деп кезекті рет уәде берді.

Мы на проверку выйдем, к концу недели будут результаты.

Тарбағатайда тас жол мен қалалық тазарту нысандарында құрылыс жүргізіп отырған «Земстрой» компаниясымен жергілікті әкімдік толық есеп айырыстық дейді. Енді қаражаттың қайда кеткенін прокурорлар анықтайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ

 

Алдыңғы жаңалық