Түркияның Ыстамбұл қаласында жарылыс қаупі басылмай тұр. Қаңтардың бірі
және алтысы күндері ұйымдастырылған терактіден соң үрейі ұшып, жүрегі шайлығып
қалған тұрғындар шаһар тынышталмайынша, қоғамдық орындарға көп
бармайтынын айтуда. «Айясофия музейінің алдындағы қайғылы
оқиғадан кейін де бірнеше факті тіркелді», - деп хабарлайды осы
елдегі тілшіміз Самат Сүлей.
Мәселен, қаңтардың 10 күні Ыстамбұлдың үш бірдей
ауданында ішінде қолдан жасалған жарылғыш заты бар сөмке табылды. Оның бірі - Междикөй ықшам ауданындағы үлкен сауда
орталығының алдында қалдырылған. Мамандар белгісіз біреулер іске қоспақ болған
бомбаны залалсыздандырып, апаттың алдын алғанын айтады. Дәл осындай факті халық
көп шоғырланған Зейтінбұрны ауданында да тіркелді.
Сонымен қатар, қала ішіндегі
метробус жолына қойылған жарылғыш затты құтқарушы топ келіп құрықтаған. Елдің
ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметінше, Ыстамбұлдағы полиция
бөлімшелеріне бір күнде 5 қоңырау соғылып, оның екеуі жалған болып
шыққан. Қазір іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Самат СҮЛЕЙ