$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Таразда әлеуметтік нан бағасы 45 теңге болып қайта қалпына келді

AstanaTV
14.01.2015ж. 10:00
1246
Таразда әлеуметтік нан бағасы 45 теңге болып қайта қалпына келді

Таразда әлеуметтік нан бағасы 45 теңге болып қайта қалпына келді. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Зиятхан Өміралиевтың айтуынша, басқарма нан бағасын негізсіз көтерген наубайханаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде, бірден 5 теңгеге шарықтап шыға келген «ас атасының» құны қайта тұрақталды.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа жылдан бастап Таразда әлеуметтік нан бағасы 50 теңгеге көтеріліп, кей жерлерде 55 теңгеге дейін саудаланғанын хабарлаған едік. Бүгінде Таразда 10-нан астам наубайхана иелері заңсыздыққа жол бергендері үшін ескерту алған.

Зиятхан Өміралиев "3 жылдан бері облыстық бағаны тұрақтандыру қоры қаладағы наубайханаларға 3 мың тонна ай сайын бидай беріп келе жатқанын", - деп мәлімдеді. Әр тоннасы 47 мың теңге болатын бидай үлестіру, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін жасалған қадам екенін айтты. Айта кетейік, еліміз бойынша ең төменгі бидай бағасы Жамбыл облысында болып саналады.

Зиятхан Өміралиев, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары: 

Біздің анықтағанымыз, бұл негізсіз, заңсыз деп айтуға болатын жағдай болды. Бидай көтерілген жоқ, бұл жерде өздері көтеріп отыр ғой. Үкіметтен, бидайдың бір келісі 47 теңгеден босатылған. Сол күйінде қалып отыр. Ал, бір бөлке нанның бағасы наубайханалардан шыққан кезде 36-дан бастап, 39 теңгеге дейін. Әлеуметтік нанға арзандатылған бидай бөлінеді, содан жасалған ұн ол бірқалыпты бағамен сатылады.

Данияр АЛИМКУЛОВ