$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қаржы дағдарысы түрік туризмін теңселтті

AstanaTV
17.04.2015ж. 20:00
1533
Қаржы дағдарысы түрік туризмін теңселтті

Түркия ресейлік туристтердің азайып кеткеніне алаңдаулы. Мәдениет және туризм министрлігі 2015 жылдың алғашқы екі айына зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде Ресейден келетіндердің саны жылдағы осы мезгілмен салыстырған едәуір азайған. Туризм саласында толағай табысы бар Түркия әлемдік қаржы дағдарысы отандық туризмді теңселтіп кете ме деп қауіптенеді. Тіпті оның алдын алу үшін, ел үкіметі туроператорлардың өздеріне ақша төлеуге мүдделі.

Түркия туризм секторын 1985 жылдары қолға алды. Тынымсыз еңбектің арқасында жылына миллиондаған турист қабылдап, ел қазынасына миллиардтап қаржы құйып отырған елдердің бірі. Делоит Турке зерттеу орталығының мәліметінше, дүниежүзіндегі туризмі дамыған елдердің арасында Түркия 6-шы орында тұр. Ал, 2020 жылға қарай алғашқы үштікке кіруді көздейді.

Соңғы статистикалық деректерге қарағанда, Түркияға демалуға келетіндер негізінен немістер. Ал, Ресей екінші орында. Алайда, биыл 1-1 жарым миллионға жуық ресейлік, әлемдік қаржы дағдарысына орай түрік жағалауларына жоспарлаған саяхатын кейінге қалдырмақ. Түрік үкіметі шұғыл шараға көшті. Туристер үшін түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр.

Өмер Челик, Түркияның мәдениет және туризм министрі:

Ресей - біз үшін үлкен нарық. Сондықтан бұл жақтағы кіріс көзін барынша жоғалтып алмауға тырысамыз. Рубль бағасы құлап, арадағы билет пен туроператорлардың қызметі қымбатқа түсуде. Барлығын ескере отырып, қолайлы ұсыныс әзірледік. Егер туристік фирмалар Ресейден 400 мыңнан аса турист әкелетін болса, біз ол фирмаға 100 млн лираға дейін жәрдем несиемен қолдау көрсетеміз.

Түркияның орыс туристері үшін осыншама алаңдауы бекер емес. Өйткені 1 миллионнан аса ресейлік Түркияда демалудан бас тартса, түріктер 4 жарым миллион доллар қаржыдан қағылады.

Четин Гүржун, Түркия саяхат агенттігі қауымдастығы бас хатшысы:

Мәселен, бір туристен келетін қаржы қазіргі күні орташа есеппен 800 АҚШ долларын құрайды. Осы соманы 1000 долларға жеткізу үшін, әрекет етудеміз. Сондықтан денсаулық, мәдени, тарихи туризм деп, сала бойынша дамытуды қолға алдық. 2023 жылы 50 млн туристен 50 миллиард доллар пайда тапсақ деп отырмыз.

Алпаслан Авшароғлұ 15 жылдан бері ресторан, дәмхана бизнесін кәсіп еткен. Ол «үнемі шетелдік меймандардан үзілмейтін асханам соңғы жылдары жиі босап қалды" дейді.

Алпаслан Авшароғлұ:

Әрине, мүлдем келмей жатыр демеймін. Дегенмен, соңғы екі жылды алдыңғылармен салыстырғанда бізде адам саны азайды.

Түркия - туризм саласында даму көрсеткішін 10 пайызға жеткізген әлемдегі жалғыз ел. Мәселен, 2013 жылы Анадолы жеріне 37 миллионнан аса турист келген. Бұл туризм саласындағы жаңа рекорд.

Самат СҮЛЕЙ