Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда жылу есептегіш құралдардың кесірінен жылу беруші мекеме зиян шегіп отыр

AstanaTV
14.01.2015ж. 20:00
1626
Оралда жылу есептегіш құралдардың кесірінен жылу беруші мекеме зиян шегіп отыр

Оралда тұрғын үйлерге орнатылған жылу есептегіш құралдардың кесірінен жылу беруші мекеме зиян шегіп отыр. Жылыту маусымы аяқталмай жатып келген шығынның мөлшері 80 миллион теңгеге жеткен. Ал тұрғындар жылу үшін төлейтін ақысының азайғанына дән риза. Бұл бастамамен келіспеушілер де табылды. Олар бұл құрылғылардың сапасына күмәнмен қарайды. Кілтипаны көп бастама туралы келесі бейнематериалда.

Дүйсенбай Көзайыров үйіне жылу есептегіш құрылғыны былтыр күзде орнатты. Қыз-қыз қайнаған жылу батареясы қол ұстатпағасын, осындай әдіс қолдануға көштім дейді. «Үй де жылы, жылуға төленер ақы да біраз азайды», - деген отағасы бұл бастаманы қос қолдап қуаттап отыр.

Дүйсенбай Көзайыров, Орал қаласының тұрғыны:

Бұрын счетчик болған жоқ. Счетчиктің тиімділігі мынада: ай сайын 1600-1700 теңге ақша эконом. Қалтамызда қалады. Мен өзім айтамын - тиімді, өте дұрыс және де таза. Материал таттанбайды, жақсы. Экономично! Шағым жоқ мына үйлердің біреуінде. 63 пәтер бар осында. Біреуінде шағым жоқ.

Бүгінде Оралдағы 412 көпқабатты үйге жылу есептегіш құрылғы орнатылған. Бұл - шаһардағы үйлердің тең жартысына жуығы. Дегенмен, кілтипаны көп тұстар жетерлік. 200-ден астам үйге мұндай құралды орнату тиімсіз. Өйткені бұл ғимараттардың жертөлесі жоқ, әрі ертеректе салынғасын, кейбірі апатты жағдайда тұр. Ол аздай, жылу есептегіштің бағасы да арзан емес. 200 мыңнан басталып, көлемі мен қуатына қарай 700 мың теңгеге дейін барады.

Дегенмен, «ЖылуҚуат» мамандары есептегіш құрылғының тиімді екенін айтудан шаршаған емес. «Жылу деңгейін реттегіш құрылғыны қосымша орнатса, жылудың төлемақысын 50 пайызға дейін қысқартуға болады», - дейді. Бірақ бұл үшін де қосымша шығындануға тура келетін көрінеді.

Бекболат Қамешов, жылу инспекциясының басшысы:

Экономить ету үшін, регулятор қою керек, ол регулятор 260 мың тұрады, егер 90 пәтер болса, 2500 әрбір пәтер төлесе, 2-3 айда регулятор қайтады. Эконом. Сонда олар сезеді.

«ЖайықЖылуҚуат» мекемесінің өкілдері осы құрылғылар орнатылғалы бері оралдықтардың 83 миллион теңге үнемдегенін айтады. Өздеріне бұйырмаған бұл ақшаны жылу беру мекемесі енді тарифтерден өндіріп алмақ.

Нұрлыбек Киреев, «ЖайықЖылуҚуат» АҚ бас директоры:

Желтоқсан айының өзінде тұрғындар жылуға 16 миллион теңгедей аз төледі. Әлбетте, бұл біз үшін қосымша шығын. Сондықтан жылу есептегіш орнатылған үйлерге сараланған тарифтер қолданылады. Ал жылу есептегіші жоқ үйлер бұрынғы тариф бойынша есептеседі.

Қазір мұндай жылу есептегіш құралдар қаладағы жаңа үйлерге де орнатылуда. Дегенмен, Орал қаласында жылу энергиясының сараланған тарифтері әлі бекітілмеген. Құрылғыларды лизингтік негізде орнату мәселесі де шешілер емес.

Еркін КАРИН