«Бүгін Арменияның Гюмри қаласында қаза
болған Аветис Яндар отбасы мүшелерін жерлеу рәсімі өтеді. Оған 10 мыңдай адам
қатыспақ»,-деп хабарлайды Рейтерс. Күні бұрын аймақта жаппай
наразылық шерулер өткен. Наразы топ, сарбаз Валерий Пермяковтың ісін Армения
құқық қорғау органдарына беруді талап етті.
Ресейлік әскер бүтін бір отбасын
қырып салды деп айыпталуда. Кеше үш мыңдай адам полицейлердің бөгетін бұзып, Ресей елшілігін қоршауға алған. Сондай-ақ, сарбаз қызмет еткен 102-ші әскери
базаға барып, қарсылық көрсетті. Ашулы топ Ширак облысы прокуроры Раффи
Асланянмен біраз уақыт тілдесіп болған
соң ғана тарқады.
Алайда олар талаптары орындалмаса, бұдан да қатал әрекетке
баратынын айтты. Қазір Премяков ресейлік әскери база аумағында. Ол тұтқындалған
соң Арменияның бас прокуратурасы, қылмыстық істі Мәскеу тергейтінін мәлімдеген.
Армяндар мұны қорлық деп бағалады. Қаскөйдің тиісті жазасын аларына көпшілік
күмәнмен қарайды.
Борис Навасардян, Ереван баспасөз клубының төрағасы:
Тергеу Арменияның құқық қорғау органдарымен жүргізілуі тиіс. Біздің билік
осыны талап етуі керек. Ресей әскерилері де бұған бағынуы қажет. Әйтпесе жағдай
ушығып, екі елдің қарым-қатынасына сызат түсуі мүмкін. Сондай-ақ бұл оқиға Арменияның ішкі саяси тұрақтылығына да кері
әсер етуі ықтимал.
Мөлдір ДЮСЕКИНА