$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Қыдырымпаз қызметкерлерге мемлекет бюджетінен ақша төленіп отырған

AstanaTV
16.01.2015ж. 10:00
1292
Қыдырымпаз қызметкерлерге мемлекет бюджетінен ақша төленіп отырған

Қырғыз елінің қыдырымпазы, Қордай ауданы Жамбыл ауылдық округінің атқамінерлерінің тәртібі облыстық Тәртіптік кеңес отырысында қатаң сынға алынды. Өткен жылғы жұмыстарын қорытындылаған кеңес 20-дан астам отырыс өткізіп, онда 66 тұлға жазаланыпты.

Ең сорақысы, сол Қордай ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінің әкімі Дархан Темірұлы бірнеше қайтара заң бұзушылықтарға жол берген, дейді кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев. Мәселен, оның қол астындағы қызметшілері қырғыз еліне «емделеміз» деп кетіп, көрікті жерлерді аралап қайтып жүрген.

Ал, «қыдырымпаз қызметкерлерге» мемлекет бюджетінен ақша төленіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округіндегі мемлекеттік сатып алу заңнамасы да бейберекет бұзылған деп отыр.

Ғалым Тұрсынбаев, Жамбыл облысы бойынша тәртіптік кеңес төрағасы:

Дархан Темірұлы  мына шын мәнінде біз сіздің жұмысыңызға қысқаша талдау жасағанның өзінде: сіздің жұмысыңыз дұрыс деңгейде емес.  Ауыл әкімшілігінде мүлдем мемлекеттік тәртіп жоқтығын өзіңіз байқап отырған шығарсыз. Аудан әкіміне біз ұсыныс береміз, сізге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды.

Сондай-ақ, жиын барысында облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасынан да біраз шикіліктер шыққаны жария болды. Тәртіптік кеңес хатшылығының мәліметі бойынша, мемлекеттік қызмет бабын асыра пайдалану жағдайы бас бермей кеткен. Өңірдегі олқылықтарды жіпке тізген тәртіптік кеңес мүшелері енді аудан-ауылдарды араламақшы. «Оған мемлекеттік қызметшілердің тәртібі себеп болып отыр»,- дейді.

Аслан Оразбеков, Жамбыл облысы бойынша тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі:

Тәртіптік кеңес есеп беру мерзімі ішінде 66 тұлға жауапкершілікке тартылды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің арасында 49-ы жергілікті мемлекеттік орган қызметшілері, 10-ы аумақтық, 7-і өзге тұлға, яғни кәсіпорын мектеп және спорт мектептерінің директорлары. 3-уі облыстық деңгейдегі аудан басшылары, 8 ауылдық округ әкімдіктері, 18- і аудандық деңгейдегі мемлекеттік орган басшылары.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ