Ресейден көлік әкелген қостанайлықтар құжат түгендеуде қиындыққа
тап болып отыр. Жергілікті басылымдар осылай деп жарыса жазуда. Алайда біздің
аймақтағы тілшілеріміз мәселенің мәнісі басқада екендігін анықтады.
Көрші елден көлік алған Қостанайлықтар емтихан және тіркеу
жұмыстары жөніндегі бөлімнің табалдырығын тоздырып жүр. Осында келген 30-ға
жуық адам "көліктерін қаңтарып қоюға мәжбүр екенін айтып" ашынады.
Өйткені, заңға сәйкес Ресей тарапынан анықтама қажет. Ал оны айлап күткендер де
бар. Облыстық Ішкі істер департаменті Ресейге көлік жайында деректерді
нақтылауға жіберген. Ал көрші елде мерекелерге орай демалыс күндері мұндай
құжаттар көбейген.
Сол себепті олар сұранысты дер кезінде қанағаттандыра алмай
жатқан сыңайлы. Көлік иелері бұл жағдайға түсіністікпен қарайды. Қазір
облыстағы барлық тіркеу бөлімдері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуге көшкен.
Сонда да ұзын-сонар кезек азаяр емес. Желтоқсан айында ғана Қостанай облысында 5 мыңнан астам шетелдік көлік тіркелген.
Юрий Панасенко, Қостанай облыстық ІІД ӘПБ ерекше тапсырмалар
жөніндегі аға инспектор:
Қостанай мен Рудныйдағы барлық тіркеу бөлімдері күшейтілген
тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Тіпті, көлікті тіркеу барысын тездету мақсатында қызметкерлер құжат қабылдау уақытын ұзартып, ұзын-сонар кезекті азайтуға
атсалысуда.
Заңғар САНАЙ