Қарағанды облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Халық полициядан жағдайды ерекше
қадағалауға алуды сұрайды. Құзырлы орындар өткен жылдың өзінде ұрылар 4 мыңнан
астам мал басын қолды еткенін айтады. Полиция ұйымдасқан топтарды біртіндеп
құрығына түсіріп жатқанымен, мал ұрлығы азаймай тұр. Олар халық күзетті
күшейтуі тиіс деген уәж айтып отыр.
Жұмекеновтер отбасы бір түнде 8 жылқысынан айрылып қалды. Қол қусырып қарап
отыра алмаған отағасы ақ адал малын өзінше іздеп, ақыры көрші ауылдан тапқанын
айтады.
Жасұлан Жұмекенов,Бұқар Жырау ауданы Төрткөл ауылының тұрғыны:
5 бие, 2 тай, 1 жабағы. Жабағымды Үміткер ауылында бір үйге апарып беріпті.
Участковыйды апарып, сол жерде тәркіледік. Бірақ соны алып бере алмай отыр.
Жүргізіп жатырмыз дейді. Еш нәтиже көрген жоқпыз.
Мұндай мәселе ауыл халқы үшін таңсық болмай тұр. Төрткөл елді мекенде
25-тей отбасы тұрады. Барлығының күнкөрісі малға қараған. Оны асырап,
семіртеді. Сонан соң сатып, қажетті азығын алады. Алайда жеңіл жолмен пайда
тапқысы келетіндер соңғы кезде ауылдың тыныштығын бұзған. Тұрғындар, құзырлы
орындардан қайран болмай тұр, дейді.
Алпысбай Жұмаділдә, Бұқар Жырау ауданы Төрткөл ауылының тұрғыны:
Жуырда бір үйір жылқыны айдап әкетті. Бұл ауылдың бассыздығы. Әкім жұмыс
істемейді. Участковый жұмыс істемейді. Заң дегенің,
сиырқұйыршықтатып, бетін майдалап жауып қойды.
Ал тәртіп сақшыларының өз уәжі бар. Олар, халық малды бір бақташы жалдап
бақтырғаны жөн, дейді. «Тіпті болмаса күзетті күшейтсін», - деп отыр.
Дәулет Мәжітов, Бұқар Жырау аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
Біз, әкімдік, учаскелік инспектор болып бірнеше рет тұрғындармен кездестік.
Бақташы жалдаңыздар деп ескерттік. Бірақ олар бұған қарсы. Өздері кезекпен
бағады. Жылқыларға дұрыс қарамайды. Қазір ұрлыққа қатысты қылмыстық істер
қозғалған. Ұрыларды іздестіріп жатырмыз.Тұрғындардың өздері күдіктенген
адамдары бар. Ол болжам да тексеріледі.
Мал ұрлығы тек Төрткөл ауылында ғана емес, бүкіл облыста өршіп кеткен.
ІІД-нің ақпаратына сүйенсек, өткен жылдың өзінде ұрылар 4 мыңнан астам малды
қолды етті. Жуырда полицейлер ұйымдасқан 4 қылмыстық топты әшкереледі.
Дегенмен, ұрыларды қолға түсіру оңайға соқпай тұр, дейді ішкі істер органының
өкілдері.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат
басқармасының басшысы:
Адамдар малдарын иесіз ұзақ уақытқа жібереді. Жоғалған соң алдымен өздері
іздеп таппаған соң ғана, полицияға хабарлайды. Сондықтан оларды табу қиын.
Соған қарамастан, полиция тиісті шаралар жасап жатыр.
«Ел аман жұрт тынышта» алдындағы малынан айырылған тұрғындар құқық қорғау
органдарынан іздестіру шараларын күшейтуді сұрайды. Өйткені ұрылар әсіресе жылқы мен ірі қараларға қырғидай тиюін қояр емес. Ұрланған жылқыны 180, ал
сиырды 100 мың теңгеден сатады», - дейді ауыл халқы. Олар жағдай бұлай жалғаса
берсе, күн көрісіміз қиындап кете ме деп алаңдаулы.
Айжан ҚУАШ