$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қызылорда қаласына қарасты Белкөл ауылының халқы күн сайын темір жолды кесіп өтуге мәжбүр

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
3197
Қызылорда қаласына қарасты Белкөл ауылының халқы күн сайын темір жолды кесіп өтуге мәжбүр

Қызылорда қаласына қарасты Белкөл ауылының халқы күн сайын бастарын қауіпке тігеді. Ересектер жұмысқа, ал балалар мектепке бару үшін жол бойындағы 11 темір жолды кесіп өтуге мәжбүр. Аталған ауылды Сұрыптау темір жол стансасы бөліп жатыр. Жергілікті халық аймақтағы әріптесім Шарипа Сақтаповаға қоғамдық көліктің қатынамайтынын айтқан. Дегенмен, Белкөл ауылының күрмеуі қиын мәселелері бұл ғана емес екен.

Мыңға жуық халық мына төте жолмен автобус аялдамасына барады. Рельс жолдарын қиып өту үйреншікті әдетке айналған. «Автобус келмейді. Ал орталыққа айналма 4 шақырымдық жолмен аялдамаға жарты сағатта жетсек, темір жол үстімен 5 минутта баруға болады», - дейді. 


Ақылтай Нұржанов, Белкөл кентінің тұрғыны:

Оншақты состав тұрады, астынан тоңқандап өтеді, кешке тоңқандап өтіп қайтады, үстінің бәрі қара май, өзіміз де өтеміз. Бел-омыртқамызды үзіп ала жаздаймыз кейде, маңдайымызды соғамыз, балаларды алып келеміз мектептен. Сондықтан темір жолдың үстінен жаяу көпір салып берсе, дейміз. Автобус жоқ.

Өткен жылы қала әкімшілігі бұл мәселеге оң көзқарас танытып, оныншы бағытты бұруды жоспарлаған. Алайда жекеменшік тасымалдаушы компания бұл ауылға қызмет көрсетуден бас тартқан. «Шұрық-тесік жолмен жүріп, көлігімізді құртқымыз келмейді», - деген уәж айтыпты. Ал жергілікті атқамінерлер жаңа асфальт төсеуге уәде берген. Бірақ қашан? Мерзімі әлі нақтыланбаған.

Ақылбек Арыстанов, Белкөл кентінің әкімі:

Қалалық бюджеттен 1 миллион 700 мыңдай ақша бөлінді жобалық-сметалық құжаттар дайындауға. Дайын болғаннан кейін қалалық бюджетке өтінім беріледі. 70-75 миллион көлемінде, жолдың асфальті солай тұрады енді.

Бірақ жол машақаты мен қоғамдық көлік - мұндағы ағайынның жалғыз мәселесі емес. Ауылдағы 214 отбасының 31-і электр энергиясын пайдаланғаны үшін екі есе ақша төлеп отыр. Олар өздеріне жақын орналасқан жекеменшік кәсіпкердің шағын станциясына қосылған.

Қарлығаш Қожахметова, Белкөл кентінің тұрғыны:

Свет бәрімізді қинап тұрған. 26 теңге 20 тиыннан төлеп тұрмыз. Айына 4 мың теңге төлейміз.

«Бұл мәселе де жақын арада шешіледі», - деді кент басшысы. Әрі кетсе екі аптада халық негізгі желіге қосылатынын айтты.

Ақылбек Арыстанов, Белкөл кентінің әкімі:

Қалалық бюджеттен 47 миллион бөлініп құрылыс-монтаж жұмыстары біткен. Бірақ трансформаторлық подстанция 2 және де электр желілері КРЭК мекемесіне пайдалануға өткізу, солар эксплуатация жасау керек негізінде. Сол екі ортадағы жаңағы құжаттарға байланысты кешіктірілу болып жатыр. 10-15 күннің ішінде бұл мәселе шешіледі деп отырмыз.

Сол кезде тұтынушылар электр қуаты үшін бірыңғай тарифпен төлемек. Ал тақтайдай жол салынғанша, мыңнан астам халықтың рельстерді қиып, вагондардың астымен бұқпантайлап өтуден басқа амалы жоқ.

Шарипа САҚТАПОВА