$521.57 €601.01 ₽6.65
×

«ЭКСПОға» бөлінген қаражаттан тағы 53 млрд теңге үнемделді

AstanaTV
26.01.2016ж. 20:00
1958
«ЭКСПОға» бөлінген қаражаттан тағы 53 млрд теңге үнемделді

«ЭКСПОға» бөлінген қаражаттан тағы 53 млрд теңге үнемделді. Ақордада президентке есеп берген «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осылай деді. Дағдарысқа байланысты «ЭКСПО» құрылысы үнем режиміне көшкен. Ал бұдан былай халықаралық көрмеде жүріп жатқан жұмыстарды қоғамдық кеңес өкілдері қадағалайтын болды. Оның жаңа төрағасы да сайланды. Толығырақ Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

«ЭКСПОның» жұмысын қадағалайтын тәуелсіз қоғамдық кеңестің алғашқы отырысын ашып берген Ахметжан Есімов бүгін президентпен кездесіп, бюджет ақшасын үнемдеуге қатысты ұсыныстарын жеткізетінін айтқан. Сөйтіп, Ақордаға асығыс аттанып кеткен еді. Көрме құрылысына «қиянат» жасалмайды, бәрі бастапқы жобадағыдай болады. Сонда тек артық шығындар есебінен соңғы 3-4 айда бюджет ақшасы 131 миллиардқа үнемделіп шыға келді.

-Сонда бюджеттің қаражатын тапсырма бойынша алдында 78 миллиардқа қысқарттың. Қазір тағы 53, сонда 131 млрд. Келетіндер халықтың 80 пайызы өзіміздікі ғой. Коммуникация қай облыс, қайда келеді, қалай ұйымдастырылады?

- Барлық әкімшілікпен келісімшарт жасастық.

- Сырттан келетіндер өте аз болып қалмасын, бізге көрсету керек қой.


Есімовтың айтуынша, келесі жылы Астанада өтетін көрмеге қатысатынын 70 мемлекет растаған. Енді алып көрме төңірегіндегі түйткілдер қоғамдық кеңесте талқыланады. Саясаттанушылардан, бизнес өкілдері және тағы басқа қоғам белсенділерінен құралған кеңес өкілдері бүгін алғаш рет бас қосты. Оның төрағасы болып Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сайланды. Кеңес мүшелері екі айда бір жиналады. Тегін қызмет көрсетеді. Айтуларынша, қордаланған проблемаларды көтеретін түрлі ұсыныстар алаңына айналмақ.

Марат Шибұтов, саясаттанушы, қоғамдық кеңестің мүшесі:

Тұрғындар неден қауіптенеді, бизнестің қандай наразылығы бар? Осының бәрін біз жақсы білеміз. Оларды жинақтап, басшылыққа жеткіземіз. Сөйтіп, екі ортада байланыстың орнауына әсер ететін боламыз.

Соңғы 5 айда ЭКСПО құрылысына 243 отандық кәсіпорын тартылды. Олар 32,3 млрд теңгенің тапсырысын алды. Алда тағы 11 млрд теңгеге қызметтер көрсетіледі. Бас аяғы бір жыл ішінде алып көрме павильоны толық салынып бітуі тиіс. Ұлттық компания төрағасы, құрылыс алдағы қыркүйекте аяқталады, содан соң нысандарды жабдықтау басталады, деп отыр. Аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамай "ЭКСПОның" беделіне нұқсан келітіргені рас. Қазір экс-төраға Талғат Ермегияв үйқамақта. Тергеу экс-топ менеджмент 10 млрд теңгені талан- тараж етті дейді. Әзірге 500 томдық іс тергеліп жатыр.  

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ