Біріккен Ұлттар Ұйымының Бейбіт
жиналыстар және бірлесу құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Майна
Киаидің Қазақстанға іссапары жалғасуда.
Түске дейін Қазақстан халқы
Ассамблеясы төрағасының орынбасары және мүшелерімен кездескен шет елдік
сарапшылар түс ауа ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның
төрағасы, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың қабылдауында болды. Кездесу
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі заңдарымен танысуға және бейбіт
жиналыстар өткізу тәртібін талқылауға арналды. Елімізде жыл ішінде өткізілген
бейбіт жиналыстар мен шерулер жөнінде статистикалық ақпаратты мұқият тыңдаған
шет елдік маман өз тарапынан бірқатар ұсыныстар жасады.
Майна Киаи, БҰҰ Бейбіт жиналыстар
және бірлесу құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы:
Менің миссиямның басты мақсаты -
адам құқықтары бойынша жұмыстың күн тәртібін құрастыру және бейбіт жиналыстарды
ұйымдастыру жолдарын қарау. Яғни алға жылжуын қамтамасыз ету. Менің мақсатым да
- осы миссиямды алға жетелеу.
Айта кетейік, аталмыш іссапар
халықаралық ұйымның өз ұсынысымен жасалып отыр. Майна Киаи бастаған топ 10 күн
қатарынан еліміздің әр өңірлеріндегі адам құқықтарының сақталуын зерттейді.
Алматы, Астана қалаларында болған сарапшылар енді Ақтау, одан әрі Жаңаөзенге ат
басын тіремек. Сапар қорытындысы бойынша ұйымның арнайы баяндамашысы Нью-Йоркте
есеп беріп, халықаралық ұйым Қазақстанға ұсыныстар жасауы мүмкін.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
Ол ұсынымдарды бізге де береді,
бұл бір күнде жасалатын нәрсе емес. Біздің заңдық кеңістігімізде біз олардың
бізде тиісті не болмаса біздің мемлекетімізге пайдасы бар, біздің қоғамымызға,
біздің халықаралық қатынаста еліміздің ішіндегі тыныштықты, татулықты
қамтамасыз ететін заңдарды қабылдаймыз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ