Қазақстандықтар
отандық банктердегі депозиттерінде алаңдамай 300 млн теңгеге дейін сақтай
алады. Бүгін Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қаржы ұйымы банкротқа
ұшыраса, мемлекет салымшыға әр банктегі
10 млн теңгеге дейінгі ақшасын басы бүтін қайтарып беретінін айтты. Ал салымшы
депозитті доллармен жинаса, 54 мың
долларға дейін кепіл беріледі. «Мұның бәрі ұлттық валютаға деген сенімді
арттыру үшін жасалып жатқан қадам»,- дейді Келімбетов.
Сондай-ақ, бас банкир көптің
көңілін күпті еткен сауалға тағы жауап қатты. «2015 жылы елде девальвацияға жол
берілмейді»,- деп кесті. «Күдіктің сейілмей қоюына мұнай бағасы мен Ресей
рублінің құлдырауы әсер етіп отырғаны рас. Бірақ Ұлттық қордағы 102,5 миллиард
доллар төл теңгені биылдыққа қауіп-қатерден аман алып шығады», - дейді қаржылық
ұйым басшысы. Демек, долларға қатысты теңге бағамы шілдеде белгіленген 170-188
дәліз аралығында сақталады.
Сондай-ақ,
Қайрат Келімбетов мұнай бағасы барреліне 50 доллар төңірегінде тұрақтайды деген
сенімде. Одан төмен құлдыраған жағдайда Үкімет пен Ұлттық банк сценариі дайын
көрінеді.
Қайрат
Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Ұлттық
банк төрағасы ретінде мен 2015 жылы теңгенің айырбас курсының күрт өзгеруіне
жол берілмейтінін тағы қайталаймын. Бір айта кетері - биыл екінші деңгейлі
банктердегі проблемалы несиелердің көлемін 10 пайызға түсіреміз. 2013 жылы ол
30 пайыз болған еді. Былтыр 23,5 пайызға дейін төмендеттік. Өткен жылы инфляция
7,4 пайызды құрады. Ұлттық банктің жоспарынша, 2015 жылы инфляция көлемі 5-8
пайыз аралығында болады.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ