Павлодарда
балалы әйелді қағып, артынша оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші анықталды.
Полицейлердің мәліметінше, жол көлік оқиғасына 42 жастағы әйел адам кінәлі. Жаяу
жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан сәбиі бар арба сүйреткен ананы
«Субару-Форестер» көлігі қағып кетті. Абырой болғанда, анасы да, сәбиі де аман.
Оқиға желісін әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы жеткізеді.
Оқыс
оқиға екі күн бұрын болған жайт видеотіркегішке түсірілген. Жаяу жүргіншілерге
арналған жолақтан өтіп бара жатқан арбалы әйелді, тротуардан кездейсоқ түскен
шетелдік көлік қағып кетті. Жәбірленушілерге көмек көрсетудің орнына жүргізуші
жылдамдыққа басқан. Бір күнде әйелі мен ұлынан жазатайым айырылып қала жаздаған
Азамат Жаншұқов «шүкіршілік» айтуда. Дегенмен, әділдіктің орнайтынына күмәні
бар.
Азамат
Жаншұқов:
Менің
ақпарымша, әуелде тізгінде ер адам болған. Бірақ кейін осы әйел болды деп
айтты. Сондай-ақ, оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе ішкі істер саласында
істейтін бір дөкейдің әйелі деп те естідім.
Кутузов-Қайырбаев
қиылысы - адамдар көп жүретін аумақтың бірі. Бұған ірі сауда орталықтары мен
мешіттің осы маңда тұрғаны себеп болса керек. Әсіресе, балаларымен серуенге
шығатын аналар көп кездеседі. Содан ба, маңайға қажет жол белгілері де көп.
Әдеттегідей алты айлық ұлымен таза ауаға шыққан Зарина оқыстан ауруханадан
бір-ақ шықты.
Марат
Шарипов, Павлодар қалалық №1 ауруханасының эндохирург дәрігері:
Пациенттің
жағдайы қазір орташа. Сауығып келеді. Жабық ми жарақаты деген диагноз қойылды.
Омыртқаның бел тұсында шамалы мертігу болған. Бірақ бүгінгі күні денсаулығы
тәуір.
Шұғыл
іздестіру шарасы барысында полицейлер жол-көлік апатына қатысты азаматты анықтады.
42 жастағы әйел - Павлодар қаласының тұрғыны. Оқиға орнынан қашып кетуін ол
«шошынғанымен» түсіндірген.
Бибол
Жұманов, Павлодар облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
Жәбірленушінің
алған дене жарақаты орташа болған жағдайда, жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық
кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Оның санкциясы 300 айлық
көрсеткішке дейін айыппұл немесе 75 тәулікке дейін қамауға алыну қаралған.
Бүгінде
жәбірленушіге бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесі
бойынша жазаның қандай болатыны шешілмек.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ