$464.72 €496.32 ₽5.4
×

Сауд Арабиясы королі қайтыс болды

AstanaTV
23.01.2015ж. 20:00
1703
Сауд Арабиясы королі қайтыс болды

Сауд Арабиясы королі Абдалла бен Әбдел Әзиз Әл Сауд қайтыс болды. Жасы 90-нан асқан монарх өкпе дертінен көз жұмған. Белгілі саясаткерді жерлеу рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан атынан Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев аттанады. Бұл туралы Парламент Сенаты баспасөз қызметі хабарлады.

Корольдің дүние салу туралы хабар нарыққа да әсер етті. WTI маркалы мұнай құны барреліне бірден 49 долларға көтерілді. Биржадағы баға экономикасы 100 пайыз шикізатқа тәуелді елдерді елең еткізді. ОПЕК құрамындағы аса ықпалды «Мұнай монархының» қазасы ұйым ұстанған саясатқа қаншалықты әсер етуі мүмкін? Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Бүгін Сауд Арабиясы қара жамылды. Әлем елдері басшыларының түгелі дерлік монарх әулетіне көңіл айтып, лебіз білдіруде. Кейбірі Абдалла бен Әбдел Әзиз Әл Саудты соңғы сапарға шығарып салу үшін, бар жұмысын тастауға дайын. Америка Құрама Штаттары атынан көңіл айтқан мемлекеттік хатшы Джон Керри «жақын достан айырылдық» деп мәлімдеді. Вашингтон қатпарлы мұнай өндірісіне кіріскенге дейін, қос мемлекеттің мұнайдағы мүддесі жақын еді. Қазадан кейін корольдікте тақ иегері мен мұрагерлері анықталды. Таққа Абдалла корольдің інісі Саламан отырды. Оның өзі 79 жаста.

Ал осы уақытта қор нарығындағы мұнай бағасы өзгеріп сала берді. Ыршып кетпесе де, сәл өсті. Экономикасы шикізатқа тәуелді елдер бұған селт еткенмен, Арабияда үлкендердің шешіміне қарсы келу қалыптаспаған. 

Олжас Құдайбергенов, макроэкономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі:

Менің білуімше, отбасы мүшелерінің пікірі бір жерден шығуы тиіс. Яғни мұрагер алдыңғы корольдің бағытын жалғастырады. Қандай да бір өзгерістер болады деп ойламаймын.

Демек, Сауд Арабиясы мұнай бағасына қатысты бұған дейін ұстанған саясатын жалғастырады. Сарапшылар қара алтын құны әзірше өспейтінін болжайды.

Евгений Сатановский, «Таяу Шығыс институты» тәуелсіз ғылыми орталығының президенті:

«Олар мұны, америкалық қатпарлы мұнай өндірушілерін нарықтан ығыстыру үшін, әдейі істейді. Сауд Арабиясы Иран мен Ресейдің жағдайына бас қатырмайды. Олар үшін парсы шығанағы елдері - мұнайды өндіруші, ал Америка мен Еуропа тұтынушы ретінде қалғаны - маңызды. Мұнай бағасын барреліне 20 долларға дейін түсіре алады. Өйткені мықты қор мен сыртқы инвестиция ұзақ мерзім мызғымай өмір сүруге мүмкіндік береді. Бәсекелестерге неғұрлым қысастық жасаса, қажетті бағаға қайтып оралу соғырлұм тез болады. Мұнай бағасы өзгере беруі мүмкін. Оның құнына корольдің қазасы әсер ете қоймас».

Бірақ нарыққа басқа да факторлар әсер етуі ықтимал. Мәселен, геосаяси ахуал. Әсіресе Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыстардың әсері зор. Сирия мен Ирак арасындағы «Ислам мемлекетінің» соғысы және Йемендегі оқиғалар. Бұл елде билікке суниттік Сауд Арабиясының қас дұшпаны - шейіттер - келуі мүмкін. 

Александр Игнатенко, Дін және саясат институтының президенті:

«Егер көмірсутек өндірісі Парсы шығанағы мен Қызыл теңіз аумағындағы қақтығысқа байланысты қиындып, тіпті тоқтатылса, шикізатты Азия-Тынық мұхиты және Еуропа елдеріне жеткізу оңайға соқпайды. Онда тек Ормуз бұғазы бойымен Оңтүстік-Шығыс Азия бағытында Ба-эл-Мандеб бұғазы арқылы Еуропаға жеткізіледі. Мұндай жағдайда мұнай бағасы бірден қымбаттайды».

Нақ мұнай бағасына келсек, отандық сарапшылардың жорамалы жаман емес.

Олжас Құдайбергенов, макроэкономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі:

Негізі болжам жасау оңай емес. Десе де, жақын арада баға барреліне 50-60, тіпті 80 долларға өсуі мүмкін. Бірақ жыл соңында қайта 40 долларға түседі. Әрі қарай болжай алмаймын.

Бұдан әрі қандай өзгеріс болатынын сауд арабиялықтар да білмейтін сияқты. Соңғы 60 жыл бойына корольдікті Әбдел Әзиз ибн Саудтың ұлдары басқарып келді. Ендігі тақ иегері 79 жастағы ибн Абдул Әзиз әл-Сауд Саламан - оның кенже ұлы. Жаңа монархтың да денсаулығы сыр бере бастаған. Келесі буын, яғни ибн Саудтың немерелері, қандай саясат ұстанарын болжау қиын.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ