$499.51 €525.83 ₽4.62
×

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты жемқорлық деңгейі бойынша ЖОО-ның рейтингін құруды ұсынды

AstanaTV
23.01.2015ж. 20:00
1078
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты жемқорлық деңгейі бойынша ЖОО-ның рейтингін құруды ұсынды

Мемлекеттік білім несиесімен білім алғандарға қарызды қайтаратын кез келді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, несиені қайтару мәселесімен министрлікке қарасты Қаржы орталығы айналысып жатыр.

Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

1999-2004 жылдар аралығында елімізде мемлекеттік білім грантымен қатар, мемлекеттік білім несиесімен оқыған студенттер болды. Ол балалардың саны жылына шамамен 10 мыңнан болғанын ескерсек, жалпы 50-60 мың студент осы бағытта білім алды. Атап айтқанда, несие негізінде оқуға түскен кезде тиісті келісімшарт жасап, белгілі бір уақыттан кейін несиені мемлекетке қайтару туралы міндеттеме алған еді. Орталық қызметкерлері қазіргі кезде сол кездерде оқу орынын бітірген түлекпен арнайы хабарласып, сол несиені қайтару жүйесі бойынша арнайы кесте жасап, бұл мәселені шешіп жатыр.

Білім саласында жаңалық көп. Жаңа Еңбек кодексіне сай, енді 18 жасқа дейінгі жас мамандар жұмысқа сынақ мерзімінсіз алынады.  Ал жас маманмен келісімшарт жасасу мерзімі 1 жылдан 2 жылға ұзартылды. Вице-министр, биылғы мектеп түлектерінің сынағы өзгеріссіз қалатынын да айтты. 2015 жылы бітіргендер бұрынғыша Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Сондай-ақ, биыл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарының зертханалық базасын дамытуға бөлiнбек қаржының 4 млрд теңгеге жуығы игерілмек. Жоғары оқу орындарындағы жемқорлық мәселесі де назарда. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Министрлікке жемқорлық деңгейі бойынша жоғары оқу орындарының рейтингін құруды ұсынып отыр.

Нұрлан Сыдықов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

«Нұр Отан» партиясының «Стоп қылмыс» жобасы аясында «Таза сессия» акциясы жүруде. Бұл шара өткен жылдары өз нәтижесін берген. Сол бойынша біз Білім министрлігіне нақты ұсыныстар айттық. Грант, жатақхана, әскери кафедраға қатысты және сессия кезіндегі мәселелердің барлығы онлайн режимде қадағаланса, дейміз. Себебі мұның барлығы ашық болуы керек. Сонда жемқорлыққа тосқауыл қоя аламыз. Қазір осы жоба бірнеше оқу орындарында іске асуда.

Айта кетейік, «Жас Отанның» тағы бір жобасы - «Сәтті қадам» - мыңдаған жас қазақстандықтардың жұмысқа орналасуына септесті. Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, жобаға қатысушылар саны биыл арта түскен. 

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ