АҚШ-та ауа райының қолайсыздығына байланысты 2000-дай әуе рейсі
тоқтатылды. Синоптиктердің болжауынша, бүгін кешке Нью-Йоркте күшті дауыл тұруы
ықтимал. Мамандар мұндай дауыл Америкада соңғы рет осыдан 40 жыл бұрын болған
деп отыр. Қала мэрі Билл де Блазио тұрғындарға үйден шықпау туралы ескерту
таратып жатыр. «Қатты жел ағаштарды тамырымен жұлуы мүмкін», - деп азаматтарға
жаяу жүрмеуге кеңес береді.
Қазір Нью-Йорк, Филадельфия және Бостонда қалың
қар. Көлік және әуе қатынасы алдағы күндері мүлде тоқтауы мүмкін. Ал тұрғындар
қолайсыз күн райына дайындалып жатыр. Дүкендерде ұзын сонар кезек пайда болған.
Олар ауыз суды, қалта шамдары мен май шамдарды көптеп сатып алуда.
Қатал қыс Германияны
да әбігерге салып жатыр. Кеше кешкісін толассыз жауған қардың соңы көктайғаққа
ұласып, елдің батысында 2000 жуық жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның салдарынан
145 адам жапа шегіп, 25 адам ауыр жарақат алып отыр. Қытымыр қыстан келген
шығындар 6 млн еуроға жуық. Франкфурт пен Дюссельдорф әуежайлары 100-ге жуық
рейсті тоқтатты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ
:}