Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Еліміздің барлық аймақтарында ауа райы күрт суытып кетті

AstanaTV
26.01.2015ж. 20:00
1865
Еліміздің барлық аймақтарында ауа райы күрт суытып кетті

Еліміздің барлық аймақтарында ауа райы күрт суытып кетті. Оңтүстік өңірлердің өзінде ауа температурасы бүгін түнде - 25 градусқа дейін түсті. Бұл жағдай әсіресе тағдыр тауқіметімен далада қалған жандар үшін қауіпті. Аязда тоңып, аяқ-қолын үсітіп алғандарды қабылдайтын арнайы бейімдеу орталықтары қазір адамдарға лық толы. Алматылық тілшіміз тұрақты мекені жоқ жандарға әлеуметтік көмек көрсететін орталықта болып, қаңғыбастардың ахуалымен танысты. Сондай-ақ алдағы күндердегі ауа райының болжамын мамандар аузынан тыңдады.

Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығына өткен жылы қазан айында келген Тимур Қалымбетовке жедел көмек қажет. Мұнда ол Қызылордадан келіпті. Бірақ нақты мекен-жайын айта алмады. Көзіне жас алып, ара-тұра жылап алады. Әлеуметтік қызметкерлерге әкесі мен туған әпкесінің бар екенін айтқан. Одан басқасын есіне түсіре алмапты. «Қырыққа таяған азаматтың денсаулығында кінәрат бар», - дейді орталық мамандары.

Светлана Цепилова, әлеуметтік қызметкер:

Егер Қызылордада немесе Алматыда бұл кісіні танитындар болса, бейімдеу орталығына хабарласса болады. Тимурдың бұл жерде де туыстары бар көрінеді. Жігітке көмек қажет. Ол бауыр сырқатының асқынған түрімен ауырады. Кейде тіпті бұратылып жатып қалады. Жедел жәрдем шақырып, жанын әрең алып қаламыз. Есін жоғалтатын кездері де болады.

Осымен екінші жыл қақаған қысты әлеуметтік бейімдеу мекемесінде өткізіп жатқан Юрий Маматайдың ұлты - қазақ. 2013 жылы Моңғолиядан Қазақстанға жұмыс істеуге келген ол көлік апатына ұшырайды. Соның салдарынан екі көзі бірдей көрмей қалған. Қазір осы орталықтың тұрғыны. Тірі жан іздеп келмеген соң, көшеге қаңғытып жіберуге орталық қызметкерлерінің де қақысы жоқ.

Юрий Маматай, Монғолия азаматы:

Кетсем, Моңғолияға бірақ кетемін. Мұнда ештеңе жоқ. Ешкімім де жоқ. Сол жаққа барып қана құжаттарымды жасата аламын. Пайда жоқ. Ешкім келмейді, ешкімім жоқ менің.

Тұрақты мекені жоқтарға арналған орталықта қазір 150-ден астам адам тұрып жатыр. Күннің күрт суытуына байланысты, олардың саны да артқан. Мұнда жылы төсек, 4 мезгіл тамақ беріледі. Тағдыр тәлкегімен далада қалғандарды қабылдап, уақытша бейімдеу үшін барлық жағдай жасалған.

Бақытнұр Рысбекова, Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары:

Бізге келіп түскен адамдар, егер орта жастағы еңбекке жарамды болса, олардың құжатын дұрыстап, жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Егер зейнет жасында болса, әлеуметтік орындарға сауал жолдап, зейнеткерлік куәліктерін әпереміз. Ал кейбірін туыстары келіп алып кетіп жатады.

Дегенмен орталыққа келіп жатқандардың саны артпаса кемімейтін түрі бар. Ал синоптиктер солтүстік-батыстан жеткен суық ауа ағыны еліміздің оңтүстігіне қарай ығысқанын хабарлайды. Бүгін түнде елдің шығысында термометр көрсеткіші -40 градусқа дейін төмендемек. Ал орталықта -32, оңтүстік Қазақстанда -20 градусқа дейін түседі. Мұндай көрсеткіш қаңтардың 29-на дейін сақталмақ.

Мөлдір Есқалиева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Солтүстік облыстарда түнгі сағаттарда 25-30, кей жерлерде 22 градус аяз болады. Орталық Қазақстанда кей жерлерде 32-37 градус аяз болады. Еліміздің шығысында 35-40, кей жерлерде 30 градус аяз болады. Оңтүстік облыстарда 10-15, кей жерлерде 15-20 градус аяз болады. Ал еліміздің батысында 13-18, кей жерлерде 22 градус болады.

Ал Павлодарда қаңғыбастар үшін тегін тамақтандыру орталығы жұмыс істейді. Желтоқсанның басында ашылған бекетте күніне 30-дай адам бой жылтып, бір мезгіл ас ішеді. Мұндай қайырымдылықты жергілікті электролиз зауыты ұйымдастырған. Ыстық тағам беретін тірек сәуір айына дейін жұмысын тоқтатпақ емес.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ