Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан
Жоламановқа қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Сот процесіне келген 4
куәгердің бүгін екеуі тыңдалды. Атышулы қылмыстық істі әскери соттың төрағасы
Ербол Ахметжанов қарап жатыр. Айта кетейік, шекара қызметінің экс-басшысы өткен
жылдың 27 қазанында ұсталған еді. Тергеу амалдары 2 айға созылған болатын.
Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады.
ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан
Жолмановқа қатысты сот процесі барысында айыптаушылар тарапынан барлығы 86
куәгер тыңдалады деп күтілуде. Ал Жоламановтың адвокаттары қорғаушылар
тарапынан 10 куәгер болады деп отыр. Барлығы сот процесі
барысында 37 томдық қылмыстық іс қаралмақ. «Ал бұл екі айға дейін созылуы мүмкін»,
- дейді адвокаттар.
Жомарт Сарманов, адвокат:
Тағылып отырған айыптар өте ауыр. Істің тергелуі керек тараулары әлі де
көп. Сондықтан бүгінгі алғашқы сот отырысынан кейін істің қаралу мерзімі туралы
айту қиын.
Сот барысында тыңдалған бірінші куәгер шекара қызметі бас қаржы
басқармасының бастығы Нұржан Келібасов бірқатар жайттерді тарқатып берді.
Айтуынша, шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламанов оған мемлекеттік сатып
алу байқауларына қатысушы кәсіпкерлерден әрбір ұтып алынған тендер үшін он
пайыз табыстарын алып отыруды тапсырған. «Параның бес пайызы Жоламановқа
берілсе, қалған бес пайызын кәсіпкерлерге тендерді ұтуға көмектескен
орындаушыларға бөлдік», - деп ағынан жарылды Нұржан Келібасов.
Жалпы тергеу барысында шекара қызметінің бірқатар лауазымды тұлғалары осы
Келібасов секілді өз кінәларын мойындап, күдіктілер санатынан куәгерлер
санатына ауыстырылған. Мәселен, Жоламановпен қатар жауапқа тартылған екінші
күдікті - шекара қызметінің Алматы қаласындағы әскери бөлімінің командирі Қайрат
Балмағамбетов те өз кінәсін толық мойындаған.
Жомарт Сарманов, адвокат:
Тергеу органдары шекара қызметінің бірқатар лауазымды тұлғаларын күдіктілер
санатынан куәгерлер санатына ауыстырды. Себебі олар өзіне тағылған айыпты
толықтай мойындаған. Олардың қатарында екінші айыпталушы Балмағамбетов те бар. Бұндағы ескерерлік жайт,
Жоламановқа тағылған айыптың бәрі осы тұлғаларға да тағылған болатын. Сондықтан
менің қорғалушымның кінәлі немесе кінәлі еместігі туралы айту - әлі ерте.
Ал шекара қызметінің бұрынғы басшысы сотта өзінің кінәсіз екенін айтты. Сот
процесіне куәгер ретінде тартылған бұрынғы қол астындағы лауазымды тұлғалар
мемлекеттік сатып алудағы астыртын әрекеттерді мойындап тұрса да, Жоламанов: «Кінәмді
мойындамаймын. Бұл - саяси тапсырыс», - деді.
Айта кетейік, ҰҚК шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жолманов
аса ірі көлемде пара алды және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген екі бап
бойынша айыпталуда.
Жұрағат БАМАН