Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Словакия мемлекетінде қысқы спорт түрлерінен универсиада жалғасуда

AstanaTV
26.01.2015ж. 20:00
984
Словакия мемлекетінде қысқы спорт түрлерінен универсиада жалғасуда

Словакия мемлекетінде қысқы спорт түрлерінен универсиада жалғасуда. Байрақты бәсекеде сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, 2 алтын жүлдені ұтып алды. Бұл жетістігінен кейін жерлестеріміз жалпы командалық есепте бірінші орынға көтерілді.

Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді шаңғы жарысынан сынға түскен Анастасия Слонова салды. Спринтерлік сайыста бақ сынаған отандасымыз қарсыластарының алдын орап кетті. Жарыс барысында негізгі бәсеке Қазақстан, Ресей және Польша спортшыларының арасында жүрді. Межеге санаулы метрлер қалғанда жылдамдығын үдеткен қазақстандық спортшы алтыннан алқа тақты. Жеңімпаздан 18 секундқа қалып қойған Польша спортшысы Эвелина Марчижге күміс бұйырса, қола медальді ресейлік Светлана Николаева еншіледі.

Әйелдер арасынан биатлон жарысында Алина Райковаға тең келер ешкім болмады. Бұл сында спортшылар 15 шақырымда бақ сынады. Жарыс барысында төрт мәрте нысана көздеген отандасымыз бір жолы ғана мүлт кетпеді. Соған қарамастан, соңғы шақырымдарда жылдамдығын үдеткен Алина Райкова универсиада жеңімпазы атанды. Нысана көздеуде қателікке бой алдырмаған Ресей спортшысы Екатерина Аввакумова еркін әдіспен жүгіруде қазақстандық спортшының қарқынына ілесе алмай, екінші орынды қанағат тұтты. Қола жүлде Словакия биатлоншысы Паулина Фиалковаға бұйырды.



Теннистен Австралия ашық чемпионаты жалғасуда. Ерлер жарысында сынға түсіп жатқан Ұлыбритания спортшысы Энди Маррей ширек финалға жолдама алды. Дәрежелі жарыстың төртінші кезеңінде Маррей-Болгария теннисшісі Григор Дмитровпен кортқа шықты. Алғашқы екі сет қорытындысы бойынша спортшылар 1-1 есебімен тең түсті.

Үзілістен кейін шотландиялық ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Григор Дмитров ширек финал жолдамасынан құр қалды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ