Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында, мектептегі астан уланған оқушылар бүгінде түгелдей ем алып, үйлеріне босатылған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуов арнамызға мәлім етті.
Қаңтардың 21-і күні аталған аудандағы мектеп-гимназияда 11 мен 16 жас аралығындағы
19 оқушы тамақтан уланып ауруханаға түскенін хабарлаған едік. Балалардың жаппай улануына не себеп болғанын тексерген бактериологтар мен инфекционист-дәрігерлерден құралған арнайы топ, елді дүрліктірген жаппай аурудың мектеп аспазынан жұққанын анықтаған еді.
Тексеру барысында мектеп асханасында қарапайым гигиеналық тазалық талаптары сақталмаған, ал аспаздан патогенді стафилококк табылыпты. Қазір аспаз жұмыстан шеттетіліп, емдеуге жіберілген. Тексеру кезінде жинақталған материалдар енді тергеу органдарына берілген.
Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
Қазір балалардың барлығы да толықтай сауығып, үйлеріне жіберілді. Бүгін олар сабақтарына қайта кірісті. Ал осындай жағдайға жол берген адамдар анықталып, тексеріліп жатыр. Болашақта оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылатын болады. Жалпы аудандағы жағдай қалыпты.
Ерлан КАРИН