$488.26 €530.54 ₽5.03
×

900 орынға лайықталған үш қабатты жаңа мектеп ел игілігіне берілді

AstanaTV
28.01.2015ж. 13:00
1740
900 орынға лайықталған үш қабатты жаңа мектеп ел игілігіне берілді

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Күннің күрт суытып кеткеніне қарамастан оқушылар мен ұстаздар қызу әзірлік үстінде. Олар білім ордасының ашылуын көптен бері күтіп жүрген еді.

Үш қабатты жаңа мектеп 900 орынға лайықталған. Мұнда шәкірттер емін-еркін дәріс алмақ. Сабақ екі ауысымда өтеді. Білім ошағының пән кабинеттері қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Екі бірдей спорт залы да бар.

Мына мектепке жаңадан көшіп жатқанымызға қуаныштымыз. Біз алдыңғы мектепте оқуға мүмкіншілігіміз болмады. Бұл мектепте көп мүмкіншілігіміз болады деп ойлаймын. Енді осы мектепте жақсы оқуға тырысамыз.

Ербол Сағындықов, Құрсай шағын ауданының тұрғыны:

Басты байлығымыз бала болғаннан кейін біз бәрінен бұрын мына жерде бала-шағамыз үшін қуанып отырмыз. Мына жерде осы заман талабына сай мектепте шеберханалар және мектепке сай спорт, АКТ залдары екі спорт залы бар. Оның біреуі гимнастика залы. Көзіміз жетіп отыр осы жерде құдай қаласа балаларымыз білікті білім алады деп сенеміз.

Құрылысы 2011 жылы басталған ғимарат былтыр қазан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Түрлі қиындықтарды желеу еткен құрылысшылар мен мердігерлер бірнеше рет кейінге қалдырып келді. Құрсайдағы № 49 мектептің күрделі мәселесін біздің арна бірнеше рет көтерген болатын.

Мұнда оқушылар бір партада үш баладан отырып келді. 230 орындық ыңғайластырылған білім ордасында 1 мың 622 оқушы бар. Сондықтан бірнеше жеке үйді қосымша жалға алатын. Кешегі күнге дейін үш ауысымда сабақ беріп келді.

Ұстаздар бастауыш сыныптың балғындары тіпті төрт ауысымда оқығанын айтады. Дегенмен қиын күндер артта қалды. Дейтұрғанмен аймақта 15 үш ауысымда жұмыс істеп тұрған мектеп бар. Сондай-ақ, 48 апатты білім ошағы кезек күтуде.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ