$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Павлодар облысы басшысы әкімдердің баяндамасын әшкерелеген журналистерге сыйлық тағайындады

AstanaTV
29.01.2015ж. 20:00
1622
Павлодар облысы басшысы әкімдердің баяндамасын әшкерелеген журналистерге сыйлық тағайындады

Әкімдердің есептік баяндамаларынан плагиатты әшкерелеген журналистке Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі сыйлық тағайындады. Баспасөз хатшысының пікірінше, осылайша жергілікті билік ыңғайсыз жағдайдың алдын алып, алғысөз әзірлейтін шенеуніктердің жауапкершілігін арттырмақ.

Әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған бұл хабарламадан кейін арнамыздың тілшілері Екібастұз қаласы әкімінің кезекті брифингіне қатысты. Александр Вербняктың баяндамасы кеншілер шаһарының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындысы мен алдағы жылға жоспарын қамтыған. Әкімнің алғы сөзін мұқият тыңдаған тілшілер әр сөйлемді Гугл-тестпен тексеру мүмкіндігіне ие болды. Алайда, қандай да бір плагиаттың болған-болмағаны әлі белгісіз. Десе де, аймақ басшысының баспасөз қызметі бұл мәселеге ерекше ден қойған сыңайлы.

Асқар Жалдинов, Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Егер журналистер, осындай мәселе болып жатса, бізге көмектессе. Өйткені, сын айтылмай, мін түзелмейді. Сондықтан бұл да бізге пайдалы, екінші жолы біз мұқият қарап отырамыз. Егер тағы да жалған, ұқсас заттар болса, біз шынымен де, өз басымнан, баспасөз қызметі атынан сыйлық береміз.

Еске салсақ, өткен аптада жыл қорытындысы бойынша есеп берген Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов ыңғайсыз жағдайға қалған. Шенеунік өткізген брифингке қатысқан жергілікті газет тілшісі «шаһар басшысы баяндамасында плагиатқа жол берді» деп, талдау-мақала жазды. Материалға сенсек, Бақауовтың баяндамасындағы бірқатар сөздер Астананың экс-әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы басшысы Бердібек Сапарбаевтың, тіпті Мәскеу облысы губернаторының ескі баяндамасынан тікелей көшірілген. Алайда, қала әкімінің баспасөз қызметі мұны «кездейсоқтық» деп, қандай да бір түсінік беруден бас тартқан.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ