Алматыда жаппай көлік апатына себепкер болған автобусқа иелік еткен №2-ші
автопарк 31-ші және 67-ші бағыттардан айырылды. «Алтын Орда» базары мен
«Қазақфильм» шағын ауданының арасында жолаушыларға қызмет көрсететін 31-бағыт
өзге тасымалдаушыға берілмек. Сол сияқты 67-ші бағыт та байқау арқылы өзгелердің
қолына өтеді.
Автопарктегі осыған дейін жіберілген өзге де заңбұзушылықтар
негізге алынып, мекемеден осы екі маршрут қайтадан конкурсқа шығарылған. Бұл
туралы арнамыздың тілшілері бүгін қала әкімінен сұрап білді. Ахметжан Есімов
Алматыда муниципалдық автопаркке қарасты жаңа автобустардың таныстырылымын
өткізген еді.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Осы апаттан соң 31-ші маршруттан автопарк айырылды. Бізде, көріп тұрсыздар, мынадай автобустар
жеткілікті. Егер осындай апатқа тағы жол берілсе, біз олардың маршруттарын басқаларға береміз.
18 қаңтарда Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен ірі жол апаты болды.
«Қазақфильм» шағын ауданынан қозғалған 31-ші бағыттағы автобус бірнеше жеңіл
көлікпен соқтығысып, нәтижесінде 9 адам ауруханаға жеткізілді. Жүргізуші Жәңгір
Боқашев ем қабылдап жатыр. Ол өзі басқарған автобустың аяқасты тежегіші істен
шығып, апатқа ұшырағанын түсіндірген болатын. Жүргізушінің айтуынша, автобус
паркі көлікті бағытқа техникалық жағдайын тексермей шығарған.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ