$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Батыс Қазақстанда халықаралық газ құбыры жарылып, 12 елді мекен жылусыз қалды

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
2018
Батыс Қазақстанда халықаралық газ құбыры жарылып, 12 елді мекен жылусыз қалды

Батыс Қазақстанда төтенше жағдай. Бүгін таңертең «Орынбор-Жаңапсков» бағытындағы халықаралық газ құбыры жарылды. Салдарынан өрт шықты. Қазір өңірде төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылған. Өрттің кесірінен Тасқала мен Зеленов аудандарының 12 елді мекені қыстың көзі қырауда жылусыз қалды. Ал жарылған құбыр «Орал-Орталық Азия» мекемесіне тиесілі болып шықты. Ресми мәлімет бойынша, апат техногенді сипатта туындаған. 

Ауыл халқы түндегі жарылыс дүмпуінен есін әлі жия алмаған. Жерді солқылдатқан гүрсіл күшейгенде, бас сауғалап, сыртқа қашыпты.

Мәрия Әлімғалиева, Белес ауылының тұрғыны:

Жарылыс өте қатты болды, себебі бүкіл ыдыс-аяқ, есіктер, терезе ашылып, сондай жағдайда болды. Пойыз жарылды деп ойладым, шындайында. Себебі гүрілдеген даусы... Содан таңға дейін жанды.

Жарылған құбырдың кесірінен Зеленов ауданындағы Белес ауылы таңғы сағат жетіде газдан ажыратылды. Ауылда содан бері газ жоқ, көгілдір отынмен жылытылатын әлеуметтік нысандардың басшылары ондағы азаматтарды тоңдырмау қамына кіріскен.

Азамат Маемер, Белес орта мектебінің директоры:

Ең соңғы сабақты 30 минутқа қысқартып, босатып жатырмын. Аудандық білім бөлімі тарапынан да айтты, салқын болса, оқушыларды таратыңыз деген. Олар да біледі. Қазір таратамыз осы соңғы сабақтан.

Ал ойламаған жерден сабақ тоқтатылып, үйлеріне тарағанына ойын балалары мәз-мейрам. Тек олардың да үйлерінде жылу жоқ. Ал зарықтырған жылудың қашан берілері белгісіз.

Әділбек Мәліков:

Бізде бүгін сабақ болған жоқ, 30 минуттан. Күн салқын. Газ жоқ. Бүгін сабақтан кейін үйге қарай тарап бара жатырмыз.

Балаларын тоңдырмаудың қамына кіріскен Жасұлан да үйдің пешін қалай бұзарын ойлап, бас қатырып отыр. Егер газ бірер күнде берілмесе, онда жылыту жүйесін түбегейлі өзгертуге тура келеді. Өйткені далада жел күшейіп, үйі суып барады.

Жасұлан Егізбаев, Белес ауылының тұрғыны:

Бұл қосымша вариант қой бізде. Газ болмағасын, әрине, мына горелканы алып, оның орнына ағаш-мағаш бірдеме жағамыз енді. Жылу керек бізге, семья бар, бала бар дегендей.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент дерегінше, облыста арнайы комиссия құрылып, апаттың себебі тексерілуде. Облыстың Тасқала және Зеленов аудандарын кесіп өтетін халықаралық газ құбыры «Интергаз-Орталық Азия» мекемесіне тиесілі екен. Қазір жарылған құбыр екі жерінен бітеліп, өрт толықтай өшірілді.

Марс Отаров, БҚО ТЖД бөлім басшысы:

Тұрғындарға айтарымыз, бұл техногендік сипатта орын алып отырған оқиға. Газ жақын-жуықта қосылуы керек. Сол қосылғанға дейін үйлерінде болып, газдың иісін байқаған болсаңыздар, үйдің ішін желдетіп, қауіпсіздік шараларын алдын алуын ұсынамыз.

Түс ауа облыстағы Тасқала ауданына толықтай газ берілді. Дегенмен, Зеленов ауданындағы 9 елді мекенде 11 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынсыз қалды. Ал «ҚазТрансГаз» таратқан ақпаратқа сенсек, құбырдағы өрттің кесірінен бүлінген дүние, зардап шеккен ешкім жоқ. Аймақтың экологиясына да залалы тимеген көрінеді. Дегенмен, еті тірі кейбір азаматтар орманнан ағаш кесіп, жылынудың қамына кіріскен.

Еркін КАРИН