$488.26 €530.54 ₽5.03
×

АН-2 ұшағы апатынан аман қалған Әсем Шаяхметова реанимациядан палатаға ауыстырылды

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
1313
АН-2 ұшағы апатынан аман қалған Әсем Шаяхметова реанимациядан палатаға ауыстырылды

АН-2 ұшағы апатынан аман қалған Әсем Шаяхметова реанимациядан палатаға ауыстырылды. Пациенттің жағдайы - орташа тұрақты. Астанадағы №1 қалалық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, Әсем Шаяхметованың қос аяғын қалпына келтіру және бел омыртқасын бекіту бойынша бүгінге дейін бес түрлі операция жасалған. Алдағы аптада пациенттің жақ сүйегіне тағы бір ота жасау жоспарлануда. Дәрігерлер оңалту процесі әлі де ұзаққа созылатынын айтады. Алдағы екі апта ішінде науқасты аяққа тұрғызу бойынша шаралар қолданылмақ.

Ерсін Жүнісов, Астана қаласы №1 аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Осы екі-үш күн уақытында ақырындап Әсемді төсектен отырғызып, әрі қарай тұрғыза бастаймыз. Сол жақ аяғына операция жасалған, оң жақ аяғына алдын ала, ерте қалпына келтіріп емдейді. Арнайы аппараттар бар аяқты жазып, бүгетін. Ортрамот деген. Сол алдағы екі апта ішінде тұрғызып, жүргізіп үйретуіміз керек.

Ал ұшақ апатынан аман қолған қыздың ата-анасы «Қазақмыс» корпорациясынан Астанадан пәтер беруді сұрауда. Қызының денсаулығына алаңдаулы Ақгүл Какокова отбасымен елордаға қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізді. Айтуынша, Семейде дәрігерлік қызмет сапасы Астанадағы медициналық мекемелердегіден әлдеқайда төмен. Айта кетейік, бүгінде «Қазақмыс» компаниясының кәсіподағы Әсем Шаяхметоваға тек 150 мың теңге көлемінде жәрдем ақы берген.

Ақгүл Какокова, Әсем Шаяхметованың анасы:

Осынша шаққа дейін ол 7-8 жыл жұмыс істеп отыр. Осы шахтада астына түсіп. Қыз балаға оңай емес. Енді осындай жағдай. Әдейі сол квартира берсін деп, аварияға түсіп отырған жоқ бала. Енді жағдайына қарай, әрі қарай қалай болады деп, біз алаңдаудамыз. Біз Семейде тұрамыз. Мынандай бізде аппараттар жоқ. Мен қорқамын осы бала үшін. Жұмыстан шығып, жанында отырамын енді.

Еске салайық, қарағандылық «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі АН-2 ұшағы 20 қаңтарда Жамбыл облысының «Шатыркөл» кен орны ауданында апатқа ұшыраған болатын. Онда 3 экипаж мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының 3 қызметкері қаза тапты. Аман қалған «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бас геологы Әсем Шаяхметова ғана. Апатқа қатысты тергеу әлі де жүргізілуде.

Жұрағат БАМАН