Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тараз іргесіндегі Арай кенті тұрғындары тұрмыс тауқіметімен алысып әлек

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
1610
Тараз іргесіндегі Арай кенті тұрғындары тұрмыс тауқіметімен алысып әлек

«Қаланың шеті - қараусыз мекен». Тараз қаласының іргесіндегі 6 мыңға жуық халық қоныстанған Арай елді мекенінің тұрғындары осылай ашынады.  Айтуларынша, жергілікті билікті  арайлықтардың ахуалы алаңдатпайды. Бұл жерге мектеп пен газдан бастап, өзге де өркениет игіліктерінің бірде біреуі жетпеген.  Жергілікті билік осы жолы да тұрғындар талабын біртіндеп орындауға уәде берді. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Өре түрегелген жұрт өркениеттен қалыс қалдық деп өкпелі. Шаһардың шетінде тұрып-ақ, шалғай мекеннің күйін кешудеміз деп шамданады. Мәселен, мектептен бастап, жолын жоқтаған жұрт ауыз су, көгілдір отынның шарапатын 10 жылдан аса көрмей келеміз деп күйінеді.

Арай иінінде бүгінде алты мыңға жуық адам тұрады. Балалар қала мектептеріне жету үшін кем дегенде үш шақырымдай жер жаяу жүреді екен. «Көбі 5-6 шақырымнан аса шапқылайды», - деген жұрт - қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуді сұрайды.

Әділбай Төлепов:

Көктемнің басталғанына он жыл. 1991 жылдан бері берілген жер. Арай иіні де қосылып жатыр. Мұнда да мектеп жоқ. Не бала-бақша жоқ.

Нұрлан Оразбеков:

Бірінші мәселесі - жол. Екінші мәселе - газ. Үшінші - су. Төртінші мәселе - мектеп. Бесінші мәселе - көшеге қоғамдық көлік қажет, ең болмаса, қалаға қатынайтын.

Мұнда мектеп салу үшін, алдымен кәріз және жылу жүйесі шешілу керек. Қазір бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.  Ал, шенеуніктер көгілдір отынды бұл аумаққа алдағы күзде жеткіземіз деп отыр.

Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің бастығы:

Газ бойынша былтыр жұмысы басталды. Оның ақшасы биыл толығымен тұр. Құдай қаласа, биыл пайдалануға береміз. Газ бен суды. Енді жол бойынша, қазіргі таңда бүкіл көшелеріңізді су мен газды қазып жатыр ғой. Бітсін, содан кейін келесі жылы саламыз. Биыл сала алмаймыз. Өйткені қысқа таман бітеді.

Жергілікті билік өкілдері тұрғындар талабы алдағы уақытта орындалады деп сендірді. Халық болса, әкімшілік сөзі-құр сөз, құрғақ уәде күйінде қалып келе жатқанын айтады. Шенеуніктер сөзіне сенсек, осындағы олқы істер осы жылдың соңы мен келесі жылдың басында толық тиянақталмақ. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ