$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Қостанайда электр энергиясы тарифі жыл басынан бері екі рет қымбаттап үлгерген

AstanaTV
03.02.2015ж. 13:00
1468
Қостанайда электр энергиясы тарифі жыл басынан бері екі рет қымбаттап үлгерген

Қостанайда электр қуатының тарифі жыл басынан бері екінші рет қымбаттады. Бір ай ішінде 1 киловатт қуаттың босатылу құны 2 теңгеге көтерілген. Алғашқы қымбаттау қаңтардың басында болды. Ол кезде тариф 16 теңге 7 тиынды құраған.

Ақпанда екінші рет көтеріліп, қуат құны - 17 жарым теңгеге жетті. Табиғи монополияларды реттеу департаменті хабарлағандай, энергоорталық тиісті өтінішті қарашада жолдаған. Энергетиктер ол кезде тарифті 18 теңгеге көтеруді сұрады. Мұның себебін екібастұздық тасымалдаушылардың, сондай ақ «KEGOC»-тың электр құнын көтеруімен байланыстырды.

Алайда ол кезде энергоорталық тиісті құжаттарды толық өткізбегендіктен, өтініш тек ішінара қанағаттандырылды. Арада бір ай өткенде энергетиктер барлық құжаттарды түгел тапсырып, тарифті көтеруді қайта сұраған.

Нұрлан Жалғабаев, Табиғи монополияларды реттеу мен  бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Серіктестік бағаны 1 ақпаннан бастап көтеру жөніндегі өтінішті департаментке қайтадан жолдады. Онда энергия көздерінің бағаны 10 пайызға көтергенін негізге алған. Жобаланған баға өсімі  5,5 %. Департамент бұл мөлшерді 4,9 % түсірді.

Еске салайық, жыл басында Энергетика министрлігі ведомство басшысының тарифті көтеру жөніндегі қаулыға қол қойғаны туралы ақпарды растамаған. «7 қаңтар демалыс күні министр Владимир Школьник 1 ақпаннан бастап электр энергиясы тарифін көтеру жайлы қаулыға қол қойды, деген ақпар шындыққа жанаспайды», - деген-ді.

Сондай-ақ, ведомствоның тарифті реттеуге немесе бекітуге құзыры жоқтығын да қоса кетті. Сол тұста салаға жауапты мамандар тарифтің көптеген аймақтарда қаңтардан бастап көтерілгенін, ақпанда тағы да көтеру жайлы мүлде әңгіме болмағанын нақтылаған.

Заңғар САНАЙ