$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Ақтөбеде «Лайнс Джамп» серіктестігінің бір топ жұмысшысы өткен жылдың қазан айынан бері жалақы алмаған

AstanaTV
03.02.2015ж. 20:00
1287
Ақтөбеде «Лайнс Джамп» серіктестігінің бір топ жұмысшысы өткен жылдың қазан айынан бері жалақы алмаған

Еңбекақы төлемеу дерегі тағы бір өңірде тіркеліп отыр. Ақтөбе облысында елу шақты жұмысшы өткен жылдың қазан айынан бері еңбекақы көрмеген. Облыстық еңбекті қорғау департаментінің ақпаратына сәйкес, «Лайнс Джамп» серіктестігі қызметкерлеріне 20 млн теңге қарыздар.

Жалақысыз отырған жұмысшылар шарасыздықтан күн сайын мекеменің кеңсесін торуылдап жүр. Қарызын өтеуге асықпаған компания басшылығы жұмысшылармен тілдесуге құлықсыз. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін де табалдырықтан аттап бастырмады. Жұмысшылар болса келісімшарттың әр талабын толық орындауды талап етуде.

Шарбану Төребаева, «Лайнс Джамп» ЖШС қызметкері:

Октябрьден бастап күні бүгінге дейін 300-ден астам бережақтары бар. Көршілерден қарызға 3 мың сұрайсың, кейде 5 мың сұрайсың. Тіпті қарыз көбейіп кетті. Енді мен білмеймін, әрі қарай қалай күн көрерімізді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері жұмысшылардың арызын қабылдаған. «Тиісті шаралар қолдануға кірісіп те кеттік», - дейді инспекция мамандары. Аталмыш компания жұмысшылар алдындағы қарызын жақын күндері өтеуі тиіс. Бас тартқан жағдайда іс сотқа жолданады.

Асылан Қоспамбетов, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы:

42 жұмысшыға жалақысы толық төленбегені рас. Бүгінгі таңға компанияның жалақыға қарызы 20 млн теңгеден асқан. Мемлекеттік инспекторлар 2015 жылдың 5 ақпанына дейін жалақыны төлеу туралы нұсқау берді. Сонымен қатар «Лайнс Джамп» серіктестігінің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.   

Мансұр ЕСҚОЖИН