$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Түркия халқы соңғы төрт күннен бері алай-дүлей желден көз аша алмай отыр

AstanaTV
03.02.2015ж. 20:00
1768
Түркия халқы соңғы төрт күннен бері алай-дүлей желден көз аша алмай отыр

Анадолы халқы соңғы төрт күннен бері алай-дүлей желден көз ашпай отыр. Әсіресе, Ыстамбұл, Бурса, Едірне және Чанаккел қалаларында төтенше оқиғалар көптеп тіркелді. Бірнеше күн бойы  соққан дауылдан 6 адам қаза тауып, 200-ден аса тұрғын  жарақат алған.

Үкімет ел-жұртқа ескерту айтып, сақтықтың алдын алғанымен, зардап шеккендер саны артуда. Кейбір аймақтарда жол жабылып, теңіз қатынасы уақытша тоқтаған. Елдің оңтүстік батысынан басталған жел күн санап күшейіп барады. Синоптиктер дауылдың сағатына 129 шақырым жылдамдықпен соққанын айтады. Толығырақ тілшіміз Самат Сүлейдің сюжетінде.

Самат Сүлей, тілші:

Желдің күшін теңіздің толқынан-ақ аңғаруға болады. Бұл жер Ыстамбұлдың оңтүстігі Мәрмәр теңізінің жағалауы. Осы аймақтағы тұрғындар күні кеше теңіздің толқыны бұдан бірнеше есе қатты болғанын айтады. Тіпті айтарлықтай салмағы бар кемелердің өзін аударып тастаған. Жергілікті билік қауіпсіздікті күшейтіп, жағалаудағы жолдарды жапты.

Мұстафа Өрфлүоғлы бірнеше жылдан бері теңіз жағасында тұрса да биіктігі жеті метрлік толқынды алғаш рет көргенін айтады.

Ыстамбұлды айнала қоршаған теңіз суы қаланың ортасына дейін келіп, жүзге тарта көлікті шайып әкетті. Жалпы саны мыңға жуық ғимараттың шатыры ұшып, ортасы ойылып түскен. Кемемен ұзақ жолға шыққандардың кейбірі жолда қалып, тік ұшақпен құтқарылды.

Мұстафа Өрфлүоғлы:

Теңіз жағасына жақындамақ түгілі, көшеде жүруге қорқып қалдық. Шатырлар ұшып, қаншама адам зардап шеккенін естіп, көріп жатырмыз. Табиғат мінезі бұл. Сақтықтан басқа не келеді қолымыздан? 25 жылдан бері Ыстамбұлдамын, шынымды айтсам, бұндай дауылды бұған дейін көрмедім.

Ел үкіметі табиғаттың тосын мінезінен сақтану шараларын ұйымдастырып, түрік әуе жолдарына қарасты 229 ұшақтың ішкі-және сыртқы рейстерін шегерді. Қалааралық кемелердің қатынасын тоқтатып, тұрғындарға теңіз маңайына бармауды ескертті. Ал бір ай бұрын ғана су астында қалған Едірне қаласының халқы тағы да тасқынға тап болды.

Реджеп Гюрхан, Эдірне қаласының мэрі:

Табиғи апат бірінен соң бірі келіп, тұрғындардың мазасы қашты. Үрейленіп қалдық. Қала ортасында жатқан өзеніміз бар, біз үшін қауіптісі де сол. Өйткені синоптиктер алдағы күндері секундына 2000 текше метрге дейін ағысы бар су келе жатыр деген ақпар таратты. Сондықтан қазіргі күні арнайы мамандар барлық жағдайға әзір отыр. 

Метеорология мамандарының мәліметінше, төрт күн бойы құйындатқан күн райы апта ортасына дейін жалғасуы мүмкін. Қазіргі күні Ыстамбұлда желдің жылдамдығы сағатына 70 шақырым шамасында. 

Самат СҮЛЕЙ