$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Батыс Қазақстан облысында газсыз отырған 9 ауыл түгелдей көгілдір отынмен қамтамасыз етілді

AstanaTV
04.02.2015ж. 10:00
1190
Батыс Қазақстан облысында газсыз отырған 9 ауыл түгелдей көгілдір отынмен қамтамасыз етілді

Батыс Қазақстан облысында екі тәулікке жуық газсыз отырған 9 ауыл кеше кешкісін түгелдей көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бір жарым тәулік бойы жылудан қағылған елді мекендерде тіршілік қайта жанданды.

«Орынбор-Жаңапсков» бағытындағы халықаралық газ құбырында жарылыс болғаны мәлім. Қазір бұл оқиғаның себептері анықталып жатыр. Орал көлік прокуратурасы  Қылмыстық Кодекстің 354-бабы бойынша іс қозғады.

Бұл бап магистральдық құбырларды пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларының бұзылу дерегін қарастырады. Прокурорлардың мәліметінше, облыстағы Тасқала және Зеленов аудандарының аумағымен өтетін бұл құбыр соңғы рет былтыр тексерілген.

Болат Қалықов, Орал көлік прокуроры:

Газ құбырына байланысты өзінің белгілі бір талаптары бар: 5 жыл сайын тексеріп тұру, диагностикадан өткізу деген сияқты. Құбырдың енді металл ғой, сол қаншалықты пайдалануға болады? Оның жағдайы қандай деңгейде болды деген сияқты соңғы тексерілген тексерістерді барлықтарына талдау керек. Тиісті бағасын беретін боламыз.

«Орынбор-Жаңапсков» бағытындағы халықаралық газ құбырындағы жарылыстың салдарынан Зеленов және Тасқала аудандары бір мезетте газсыз қалған болатын. Қыстың көзі қырауда жылудан айрылып, екі күн бойы газдан ажыраған ауылдардың бірқатары  қосымша желіге қосылды. Ал өзге 9 ауыл токпен жылытылатын пештермен жан сақтады.

Еркін КАРИН