$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Бақытжан Сағынтаев: Ел экономикасының локомотивіне айналған мекемелер бірінші кезекте жұмыс орындарын қысқартпауға тиіс

AstanaTV
04.02.2015ж. 20:00
1098
Бақытжан Сағынтаев: Ел экономикасының локомотивіне айналған мекемелер бірінші кезекте жұмыс орындарын қысқартпауға тиіс

Әлемдік экономикада қалыптасқан қиын ахуал біздегі әлеуметтік салаға әсер етпеуі тиіс. Елбасы жолдауында айтылған бұл сөздерді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ақтөбелік кәсіпкерлердің тағы да есіне салды. Бұл тұрғыда ірі компаниялардың орны ерекше. 

Ел экономикасының локомотивіне айналған мекемелер бірінші кезекте жұмыс орындарын қысқартпай, жергілікті өнімдерге басымдық беруі тиіс. Осы ретте бірінші вице-премьер бизнес өкілдерінің бірқатары әлі де болса шетелдік өнімді тұтынуға құштар екенін айтты. Солардың бірі - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы. Шымкентте синтетикалық май шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, аталмыш компания жағармайды шет елден тасып жүр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер - министрінің бірінші орынбасары:

Елімізде синтетикалық май шығаратын жалғыз зауыт өкілдері сіздерге тауар өткізе алмадық дейді. Бұлай болғанда, индустриалық инновациялық бағдарламаны қалай жүзеге асырамыз? Біздің кәсіпкерлер ірі компаниялармен келісімшартқа қол жеткізе алмай, тауы шағылса, одан әрі жұмыс істеуден бас тартады.

«Қазақстандық және жергілікті қамтуды дамыту маңызды. Сонда ғана қаржылай қиындықтың дауылына төтеп беруге мүмкіндік болады», - деді Сағынтаев. Ал жұмыс орындарын қысқартпау мақсатында жергілікті атқарушы билік бірқатар ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қойды. Келісімшарт қазақстандық құрамды көбейте отырып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Тақталифум Есенғұлов, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

Бізде қазір 6 400 адам жұмыс істейді. Ойымызша, қазір енді қысқарту жағынан да, айлық жөнінде де ұжымдық шарттар бар. Соған байланысты бүкіл әлеуметтік жауапкершілік сақталады. Жұмыс орындардың барлығы сақталады. 

Мансұр ЕСҚОЖИН