Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Арселор Миттал Теміртау» жұмыскерлерінің жалақысы қысқармайды

AstanaTV
04.02.2015ж. 20:00
1094
«Арселор Миттал Теміртау» жұмыскерлерінің жалақысы қысқармайды

«Арселор Миттал Теміртау» жұмыскерлерінің жалақылары қысқармайтын болады. Прокурорлық тексерістен кейін металлургиялық компания әрекеті заңсыз деген өкім шығарылып, компанияға айыппұл салынды. Соған қарамастан, бүгін компанияның бас директоры Виджай Махедеван арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында «бізде қолма қол ақша жоқ» деп  мәлімдеді. Металлургия саласындағы алпауыт кәсіпорын мен оның жұмыскерлері айналасындағы  мәселенің мән жайын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

«Арселор Миттал Теміртау»-дың 30 мыңнан астам жұмыскері еңбекақыларының қысқаратынын білгенде, төбелерінен жай түскендей күйде қалды. Олардың бағына орай, бүгін Қарағанды облыстық прокуратурасы компания әрекетінің заңсыз екенін мәлімдеді. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, алпауыт кәсіпорын Еңбек кодексінің 23-бабын өрескел бұзған. Бұл қатесін компания ертең таңғы сағат 10- ға дейін түзеуі тиіс.

Бекзат Ахметов, Қарағанды облыстық прокуратурасының аға прокуроры:

Тексеру жүргізіліп, шара қолданылды. Лакшми Митталдың жалақыға қатысты бұйрығы орындалмасын деген өкім шығарылды. 300 ЕАК көлемінде айыппұл салынды.

Ал компанияның бас директоры Виджай Махедеван біздің арнамызға берген сұхбатында «жұмыскерлерге бере қоятын қолма қол ақшаның» жоқтығын айтып ақталды.

Виджай Махадеван, « Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

Біз кәсіподақ өкілдерімен кездесіп, жағдайды түсіндірдік. Дәл қазір бере қоярлық қаражат жоқ. Қалай ақша түседі, солай жалақыны толық төлейміз.

«Қалыптасқан ахуалға қарамастан, компания Қазақстан нарығында қала береді»,- деді Махедеван мырза. Сөзіне сенсек, әлем бойынша металлға деген сұраныстың төмендеуі, жағдайға айтарлықтай әсер еткен. Компанияның бәсекеге қабілеттілігі де төмендеді. Сондықтан «Қазақстан үкіметі қаншама теміртаулық азаматқа жұмыс беріп отырған кәсіпорынның жағдайына  түсіністікпен қараса» деген өтініштері бар сыңайлы. Дегенмен, «болат магнаты» үкіметтен қосымша құн салығы бойынша төленген 12 миллиард теңгені кері қайтаруды әлі де сұрап отыр.

Виджай Махадеван, « Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

Біз Қазақстанда қаламыз. Қазақ нарығы біз үшін алдыңғы қатарда тұр. Өндіріс көлемі де сақталады. Әрине, Ресей нарығындағы құлдырау бізге әсер етпей қоймайды. Егер Қазақстан үкіметі құн салығын төлесе, бізге үлкен көмек болар еді. Жұмыскерлердің жалақысы да қысқармас еді.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы жергілікті әкімдікпен серіктестік жайында меморандумға қол қою мәселесінің  қаралып жатқанын мәлімдеді. Еске салайық, дүйсенбіде бұл меморандумды бекітуден бас тартқан болатын. Ал жұмыскерлер жалақы үшін алаңдаулы. Тіпті, прокурорлардың бүгінгі өкімі де олардың күдігін сейілткен жоқ.

Александр Якупов, металлург:

Жалақыны уақытында төлеу керек қой. Толықтай аламыз деп үміттенемін. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмаса, әрине, жағдай ушығуы мүмкін.

Компанияның әрекеті Қазақстан үкіметін да қуантпады. Облыс әкімдігімен екіжақты келісімшартқа қол қоюдан бас тартқанымен қоймай, жалақыны қысқартпақ болған алпауыт кәсіпорын Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың да сынына ұшыраған еді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Мемлекет кәсіпорындарға көмектесіп, жеңілдіктер бергендіктен, кәсіпорындар өз жұмыскерлерінің жағдайына жауапты қарауы тиіс. Әйтпесе, мемлекеттік қолдаудан шеттетілуі мүмкін.

Бүгін бұл мәселе Астанада да сөз болды. Үкімет дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламаларды жүзеге асырмақ. Тиісті министрлік қаржылай қолдаудан онсыз да кенде емес компаниядан әлеуметтік жауапкершілікті дұрыс атқаруды талап етпек.

Альберт Рау, ҚР  Инвестициялар және даму вице-министрі:

Дағдарысқа қарсы күрес аясында үкімет өндіріс көлемін сақтап қалуды бірінші кезекке қойды. Оның ішінде ең бастысы - жұмыс орындарын сақтау. Бұл нақты талапқа негізделген келісім. Сондықтан кәсіпорын өз міндетінен жалтарса, жағдайы қиындайды. Ушығып кетпейді деп сенейік.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы прокурорлардың өкіміне сәйкес, Лакши Миттал шығарған бұйрықтың күшін ертең таңертең 10-ға жойып, жұмыскерлер айлығын толықтай төлеуі тиіс.