$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Алматыда тағы да көшеде жылу құбыры жарылды

AstanaTV
10.02.2015ж. 20:00
1463
Алматыда тағы да көшеде жылу құбыры жарылды

Алматыда тағы да көше бойындағы ыстық су құбыры жарылды. Тура бір жыл бұрын да осы аумақта апат болған еді. Оқыс оқиға салдарынан бүгін екі көлік жер астына түсіп кеткен. Аспанға атқылаған қайнаған судан бір адам зардап шекті. Көлік жүргізушісі тізеден асатын ыстық суға аяғын күйдірген. Алматы жүртшылығы арасында «апатты құбырлар алаңы» атанған аймақ жайлы әріптесім баяндайды.

Мынау қайнаған судан қашқан жанның ғаламторға салған бейнетаспасы. Температурасы 100 градустан асатын судан аман қалу үшін, ол биік баспалдаққа шығуға мәжбүр болған. Жайылған ыстық судың салдарынан айналаны қалың тұман басқан. Жаяу адамға алдындағы екі метр жерді көру қиындаса, көліктерге тіпті оңай болмады.

Апаттың салдарынан екі көлік алып шұқырға түсіп кеткен. Зардап шеккен жүргізушілердің бірі Алғатай Нұрсейітов. Ол көлігімен келе жатқан кезде кенеттен астындағы тас жол ойыдып кеткенін айтады.  Лезде көлігінен сыртқа шығамын дегенде, аяғын ыстық суға күйдіріп алған.

Алғатай Нұрсейітов, зардап шегуші:

Аяғымды күйдіріп алдым. Мені жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Қазір көлігімді алып кетуге келдім. Дәрігерлер бірінші және екінші дәрәжелі күйік алған деген анықтама берді. Көлігіме қаншалықты зақым келгенін білмеймін, бірақ іші толған су.

16 нысан жылусыз қалды. Апат орнына арнайы техника жеткізіліп, құтқарушылар мен жылуға жауапты мамандар жұмыс істеуде. Олар 12 сағат көлемінде жарылған құбырды қалыпқа келтіреміз деп отыр. Құбырға жауапты компания өкілдері зардап шеккендер тиісті құжаттарын әкелсе, өтемақы төлеп беруге дайынбыз дейді.

Ян Гирин, «Алматы жылу холдингі» МКК ресми өкілі:

Заңмен көрсетілгендей, әр жылу желісімен айналысатын мекемелер сақтандыру компанияларымен келісімшартқа отырады. Соған сәйкес зардап шеккендерге өтемақы төленеді. Тек азаматқа ғана емес, оның жеке мүлігі үшін қаржы қарастырылған. Бастысы - тек көрсетілген ережеге сәйкес құжаттарды өткізсе болғаны.

Дәл осы Райымбек пен Наурызбай батыр көшелерінің қилысында 2012 жылдың жазында құбыр жарылған еді. Ол кезде жауапты мекеме өкілдері құбырлардың тозығы жеткенін айтқан. 2013 жылдың желтоқсан айында Райымбек даңғылы бойында құбыр жарылып, 9 адам зардап шекті. Ал осыдан тура бір жыл бұрын өткен жылдың 10 ақпаны күні Райымбек-Сейфуллин көшелерінің қиылысында тағы да жылу құбыры жарылып, 4 адам жарақат алды. Артынша, 1 адам көз жұмған болатын. Сол кезде де құбыр желісіне жауапты мекеме бар кінәны тозығы жеткен құбырларға жапты. 

Берік ХАСЕНОВ