Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда жазушы әрі аудармашы, «Парасат» орденінің иегері Герольд Бельгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

AstanaTV
10.02.2015ж. 20:00
2461
Алматыда жазушы әрі аудармашы, «Парасат» орденінің иегері Герольд Бельгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін Алматыда жазушы әрі аудармашы, «Парасат» орденінің иегері Герольд Бельгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Шығармашыл қауым арасында «жүрегі неміс болғанымен, рухы қазақ» деген баға алған тұлғамен қоштасуға халық көп жиналды. Қаралы жиында Елбасының көңіл айту жеделхаты оқылды. Әдебиет жолында Абай мұраларын зерттеген қаламгер қазақ классиктерін әлем тілдеріне аударған. Герольд Бельгер артына мол мұра қалдырды. Үш тілде екі мыңға жуық көркем туындылар мен еңбектер жазған. 

Өзге ұлт өкілдерінен қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын жетік білген бір адам болса, ол Герольд Карлұлы Бельгер еді. Туған жердің кез-келген қуанышын өзінікіндей қабылдап, сүйсінетін, бөтен пиғылдылардың ұлтқа деген қиянатын байқаса - күйінетін. Бала күнінен өзі өмір сүрген ортадағы мемлекет құраушы ұлттың әдебиетіне ынтық болды. Сол арнамен жүріп, көрген-білгенін шығармашылығына арқау етті. Қазақ халқы да оны «Гераға» деп, еркелетті. Замандастары бүгін жазушыны осылай деп еске алды. 

Мұрат Әуезов, қоғам және мәдениет қайраткері:

Оның Қазақстанның тағдырында, өмірінде орны бөлек. Бұл біздің қасиетті ұғымдар - ар-намыс, тазалық, болмаса тәуелсіздіктің шынайы құны қандай және оған берер міндетіміз қандай деген ойларды ылғи ортаға салатын.

Герольд Бельгердей іргелі суреткердің өмір сүрген дәуірі қиындыққа толы, қым-қиғаш болатын. Қазақ кеңестік әдебиетіне еңбек еткенімен, егемендік алған соң да, халықтар арасындағы достықтың туын биік ұстады. Президенттің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының тұңғыш лауреаты, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері атанды.

Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:

Нағыз қазақ халқының үлкен досы деп айтуға болатын. Сынша, айтса, әділін айтатын. Бір сирек адамдар болады ғой, сол сирек адамдардың бірі - осы Гера.

Оқырманы да, жазушылар да оның жүрегі немістікі, рухы қазақтікі болатын деп баға берген. Бүгінгі рәсім ерекше тебіреністе өтті. Германияның Алматыдағы консулы, неміс ұлттық бірлестігі өкілдері мен жора-жолдастары, қаламгердің  шығармашылығын сыйлайтын игі жақсылар  қоштасу сөздерін арнады. Бүгінгі қаралы жиынға мына бір қос бүлдіршін де арнайы келген. Олардың әкесі Герольд Карлұлына құрмет ретінде ұлдарына қаламгердің аты-жөнін беріпті. Көзі тірісінде жазушының өзінен бата алып, рұқсат сұраған.

Өтемұрат Қойшиев, Алматы қаласының тұрғыны:

Аға баламның есімін Герольд деп қоямын деген едім. Сосын, әй, қайтесің, ертең мына немістің атын қайдан алдың деп, мазақ болады деген. Содан кейін батасын алып, мынаны Герольд, екіншісін Белгер деп атадым.

Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқпағы, оның қаламгерлігін мойындаған елдің жадынан өшпек емес. Суреткердің қазақ мемлекеттілігі, ұлттың қадір-қасиеті туралы айтқан сөздері қашанда өзекті. Марқұм соңғы жылдары қаламгер інілеріне өсиет айтыпты. Қайтыс болған соң, Кеңсайдағы Асқар Сүлейменовтің жанына жерлеуді сұраған. Қарымды қаламгердің соңғы аманаты орындалды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ