$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексіне қазақстандық мамандардың кей ұсыныстары енбей қалды

AstanaTV
11.02.2015ж. 13:00
Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексіне қазақстандық мамандардың кей ұсыныстары енбей қалды

Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексіне қазақстандық мамандардың кей ұсыныстары енбей қалған. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында мемлекеттік органдар, бизнес-қауымдастықтар мен Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Әңгіме, Кедендік кодеске енгізілетін техникалық сипаттағы ұсыныстар туралы. Электронды кедендік декларациялауға басымдық беру, ақпараттық жүйелерді автоматтандыру, уәкілетті экономикалық операторлар институттарын жетілдіру ұсынылған еді.

Кедендік органдар мен бизнес өкілдері арасында қарым-қатынастарды реттейтін нормалардың енгізілуі де қамтылған. Бас аяғы жобаға 120-ға жуық өзгерістер енгізу ұсынылды.

Әлихан Мәмбеталин, ҚР «Атамекен» ҰКП Кедендік әкімшілеу департаментінің директоры:

Бұл өте ауқымды құжат. Онда 500-дей тарау бар және ол 900-ге жуық беттен тұрады. Барлық нормалардың бір құжат ішінде болғаны бір жағынан бизнеске ұтымды. Алайда нормаларға өзгерістер енгізбек болсақ, бұл ұзақ мерзімге созылуы мүмкін. Әрі құжатқа қатысты құқықтық қайшылықтар туындау қаупі бар.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ Кедендік кодексінің жобасы бизнес иелерінің тікелей қатысуымен, еуразиялық платформаның кедендік саладағы әзірленген алғашқы құжаты болып табылады.

Бұл құжат кедендік реттеуді жетілдіру мәселелерін жете талқылауға, оның ішінде көлік, экономика, қаржы, өнеркәсіп салаларында кешенді шешімдер қабылдауға жағдай жасайды.

Жұрағат БАМАН