$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қызылордада көп қабатты үй тұрғындары жаңғырту бағдарламасынан бас тартып, енді соның азабын тартып отыр

AstanaTV
11.02.2015ж. 20:00
1949
Қызылордада көп қабатты үй тұрғындары жаңғырту бағдарламасынан бас тартып, енді соның азабын тартып отыр

Бәріне себепші - шірік шатыр мен еріген қар. Қызылорданың «Шұғыла» мөлтек ауданындағы бес қабатты үйдің тұрғындары тозығы жеткен тесік шатыр сынақты көтере алмай ма деп қауіптенеді. Аймақтағы әріптесім Шарипа Сақтапова ұйқысы қашқан тұрғындармен кездесіп, олардың жаңғырту бағдарламасынан бас тартқанын біліп қайтты.

Мынау - осы үйдегі Гүлнар Төлегенованың пәтері. Қабырға мен төбеден сорғалап аққан судан тұсқағаздары түсіп, едені ісініп кеткен. Гүлнар баспанасында құрғақ жер қалмағанын айтады. Бесінші қабатта тұрып жатқанына биыл жиырма жыл болған ол мұндай азаппен біраздан арпалысып келеді.

Гүлнар Төлегенова, «Шұғыла» мөлтек ауданы №1 «а» үй тұрғыны:

Жаңбыр жауғанда босып кетеміз, шелегімізді алып, тряпкамызды алып, төменге су жібермейін деп, күнімен-түнімен азанға дейін жауса, соны аңдып отырамыз, суды қайта-қайта төгіп.

"Шатырымыз шатыр болмай тұр. Су бесінші қабаттан да өтіп кетеді", -  деп қосыла кетті астыңғы қабатта тұратын Аманбай Ізмаханов. "Үйдің іргесі де шөгіп барады", - дейді.

Аманбай Ізмаханов, «Шұғыла» мөлтек ауданы №1 «а» үй тұрғыны:

Осы су бізді шаршатты. Біз өстіп кезекшілікте тұра береміз бе? Не деген сұмдық мынау? Бұған қолданатын шара бар ма?

Шаһардағы коммуналдық салаға жауаптылар, бұл жағдайға  судан зардап шеккендердің өздері кінәлі екенін, кесіп айтты. Осыдан екі жыл бұрын аталған үйдің тұрғындары жаңғырту бағдарламасынан бас тартқан. Сөйтіп, күрделі жөндеуден қағылды. "Енді заң бойынша жөндеуді тұрғындар өз күштерімен жасауы керек".

Нұрлан Ахметжанов,  «Қызылорда тұрғын үй» ЖШС директорының орынбасары:

Шұғыла мөлтек ауданы номері 1 «А» үйі қырық пәтерлік. Күрделі жөндеуге келісім сұрап барғанда, пәтер иелері келісім берген жоқ. Негізінде көп пәтерлі тұрғын үй Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» занының 35-бабы 2-тармағында айтылған: ортақ меншіктегі мүліктерді әрбір пәтер сол үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысуға міндетті. Өздері жөндеу керек.

Тұрғын үй 1996 жылы пайдалануға берілген. Бірақ қараусыз қалып, тозығы жеткен. Сондықтан баспанада жасалатын жұмыс көлемі жетерлік. Шатырды күрделі жөндеуден тұрғындар өз күштерімен өткізе алмайтыны анық. Мәселенің  тиімді шешімі - жаңғырту бағдарламасы арқылы үйді толықтай жөндетіп алу ғана. Ал соңғы шешімді тұрғындардың өздері қабылдауы тиіс.

Шарипа САҚТАПОВА