$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Мектептерде балаларға тегін тамақ беру тоқтатылмайды

AstanaTV
12.02.2015ж. 20:00
862
Мектептерде балаларға тегін тамақ беру тоқтатылмайды

Әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына алдағы уақытта да мектептерде тегін тамақ беріледі. Жалпы білім ошақтарында балаларға тегін тамақ беру тоқтатылмайды. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі: 

Бүгінде еліміздегі бастауыш сынып оқушыларының 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен тегін түскі аспен қамтылып отыр. Бұл шара барлық әлеуметтік топтарға, кейбір өңірлерде бастауыш сынып оқушыларына бағытталған. Бұл салада айтарлықтай өзгерістер болмайды. Жергілікті бюджеттердің қауқарына сәйкес тегін тамақтандыру жалғаса береді.

Білім министрі, еңбек күші жеткіліксіз өңірлердегі жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуға бөлінетін гранттар саны екі жарым есе көбейетінін, мәлімдеді. Яғни былтыр Қазақстандағы жұмыс күші тапшы өңірлерде грант саны 2050 болса, 2015 жылы 5 мың грантқа дейін ұлғайтылмақ.

«Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша қысқарту жоспарланып отырған жоқ», - деді Аслан Сәрінжіпов. Осы орайда, министр өзі басқаратын ведомствода аталған бағдарламаның жаңа бюджеті қарастырылып жатқанын және қаржы үнемдеудің кейбір тетіктерін енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ