Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жаяу жүргінші өткелдерінде былтыр 2 мыңға жуық жол апаты орын алып, 70-тен аса адам қаза тапты

AstanaTV
13.02.2015ж. 13:00
1275
Жаяу жүргінші өткелдерінде былтыр 2 мыңға жуық жол апаты орын алып, 70-тен аса адам қаза тапты

Жаяу жүргінші өткелдеріне көзге ұратындай айрықша белгілер қажет. Себебі жүргізушілер одан өтіп бара жатқан адамды байқамай қағып кетіп жатады. Мұндай апаттардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері тарапынан жер асты және жер үсті өткелдерін көбейту ұсынылған.

Бірақ ол әлі қолдау тапқан жоқ. Осындай оқиға таяуда Павлодарда болған еді. Арбадағы сәбиін сүйреп келе жатқан ананы көлік қағып кетті. Жалпы, көлік саны артқан сайын жаяу жүргінші өткелдерінен өту де қауіпті болып барады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, екі мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тап осы жаяу жүргінші өткелдерінде тіркеліп, 72 адам қаза тапты. Екі мыңнан астамы түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.

Жазира Өтепбергенова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

Жалпы жол-көлік оқиғалары таңғы мезгілде және кешкі уақытта орын алады. Себебі бұл уақытта көлік легі қарқынды бола түседі. Жол бойына белгілер орнату техникалық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Алайда бұл талаптар көбіне сақталмайды.

Айталық, Елордада кешкі уақытта жаяу жүргіншілер жолағына жарық берілсе, Шымкентте күннен қуат алатын арнайы жарық тарату белгілері бар. Бірақ көптеген қалаларда мұндай шаралар қарастырылмаған.

Кешқұрым уақытта анау жолға сәуле дұрыс түспейді де дұрыс көрмей қалуы да мүмкін.Ол шындық.

Иә, әрине қауіпті. Бұл жолаушыға да қауіпті. Көлік жүргізіп отырған адамға да қауіпті. Сол үшін барлық ережелерді сақтау керек қой. Иә келісемін. Көрініп тұру керек қой.

Жол бойындағы белгілер мен бағдаршамдардың талапқа сай болуын қадағалау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сондықтан әр қалада мұндай өткелдердің жағдайы әртүрлі.  

Жазира Өтепбергенова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

Жолдардағы жол белгілеріне жол- жүріс туралы Заңының 17- бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жауапты. Республиканың әрбір аймағында жергілікті органдардың ақша бөлуіне де тікелей байланысты. Мысалы, кейбір өңірлерге қосымша қаражат бөлініп, олар қосымша жарықтандыру құралдарын орнатып жатады.

Асан ҚАЛИАХМЕТОВ