$479.05 €534.57 ₽5.17
×

«Нұр Отан» партиясы: «Сайлау - халық мүддесіне сай келетін дұрыс шешім»

AstanaTV
16.02.2015ж. 13:00
764
«Нұр Отан»  партиясы: «Сайлау - халық мүддесіне сай келетін дұрыс шешім»

«Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қолдады. Бүгін  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия Саяси кеңесінің отырысы өткенін және жиын барысында халық Ассамблеясының ұсынысы қабылданғанын мәлімдеді. «Сайлау - халық мүддесіне сай келетін дұрыс шешім»,-дейді ол.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы ҚР Президентінің сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. «Нұр Отан» партиясы елдегі саяси күш ретінде аталған бастаманы қолдайды.

Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде. Дәл осы кезеңде тіпті, әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалды қозғалыстар күш алуға айналды.

Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алатын болады».

Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды.

Еске салайық, өткен сенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңес мүшелері Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы көтерді. Осындай өтінішімен Кеңес мүшелері Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халықтары Ассамблеясының депутаттық тобына жүгінді.

Бұған басты себеп әлемдігі экономикалық дағдарыс пен халықаралық ауыр тәртіп деп түсіндірді. Ал, бүгін Президент сайлауын өткізу орынды деген пікірін Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев те білдірді, деп хабарлайды «ҚазТаг» агенттігі.

Парламентшінің айтуынша, партия мүшелері бүгін бас қосып, сайлауға қатысты мәлімдемесін жарияламақ. Сондай-ақ, аталмыш партияның тағы бір мүшесі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясы Президенттікке өз кандидатын ұсынуға да дайын екенін айтты - деп, Қазақстан жаңалықтары агенттігі хабарлады.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА