$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Тобыл өңіріндегі бірқатар кәсіпорындар «Қазақстанда жасалған» атты ауқымды акцияға мол үміт артып отыр

AstanaTV
17.02.2015ж. 20:00
1301
Тобыл өңіріндегі бірқатар кәсіпорындар «Қазақстанда жасалған» атты ауқымды акцияға мол үміт артып отыр

Тобыл өңіріндегі бірқатар кәсіпорындар «Қазақстанда жасалған» атты ауқымды акцияға мол үміт артып отыр. Ал өңір тұрғындары игі шараның жуық арада жүзеге асуын асыға күтуде. Олар дүкендер мен сауда орталықтарында арнайы орындар ашылып отандық тауарлар қойылса, тек жергілікті өнімді тұтынуға дайын екендіктерін жеткізді. Заңғар Санай сабақтайды.

Ресей валютасының құлдырауы Қостанайдағы кондитерлік фабрикаға кері әсерін тигізді. Өйткені өндіріс ошағы сыртқа шығаратын өнімнің 70 пайызын көрші мемлекет нарығында сататын. «Жыл басынан бері экспорт 90 пайызға төмендеп, тауар өнімділігі 20 пайызға түсіп кетті»,- дейді  кәсіпорын басшылығы. Енді олар отандық өндірушілерді қолдау туралы игі бастамаға зор үміт артады.

Тимур Садықов, Қостанай кондитерлік фабрикасы басқарма төрағасының орынбасары:

Менің ойымша, бұл үкімет жағынан бізге үлкен көмек болады. Біріншіден, бұл экспортты субсидиялау. Екіншіден, бізге ресми түрде Қазақстандағы супермаркеттерден орын бөлу.

Қостанайлықтар жергілікті тауар өнідірушілерге қолдау көрсетіп, тек отандық өнімді тұтынуға дайын. Себебі өзімізде шыққан өнімнің сапасында күмән жоқ, бағасы да арзан. «Енді тезірек дүкен сөрелерінен ойып тұрып орын алса, игі», - дейді қала тұрғындары.

Өзіміздің экономиканы көтеру үшін, өзіміздің таурды алуымыз керек. Және осындай дүкендерде арнайы өз орындары болуы керек. Көбірек.

Өзім дүкендерге барғанда жергілікті өнімді сатып алуға тырысамын. Өйткені сапасы жоғары деп толық айта аламын. 

Ал аймақтағы кәсіпкерлер палатасы, апта сайын ірі кәспорындардың экономикалық хал-ахуалын сарапқа салып отырмыз, дейді. Рубль құнының төмендеуі, экспорттың азаюы, ресейлік бәсекелес кәсіпорындардың жергілікті нарықты еркін жаулап алуы  - өңірдегі бірқатар өндірістік саланы тежеп отыр. «Қайткенмен, қиындықтан шығудың жолдары қарастырылып жатыр», - дейді палата өкілдері.

Роберт Юсупов, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы:

Біздің облыстағы екі кәсіпорынға арнайы үкімет тарапынан көмек көрсетілді. Өңірдегі басқа да өндіріс ошақтары тұралап қалмау үшін, қажеттілігіне қарай қаражат бөлу қарастырылған. Бұл тұрғыдан кәсіптің категориясы да ескеріліп жатқан жоқ. Қолдан келгенше, барлығына қолдау көрсетіледі.

Биыл үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып өндірістік кәсіпорындарды қолдау туралы жоспар құрды. Ауқымды жоспарға Қостанай облысынан жолданған 10 ұсыныс енгізілді. Ал Елбасының отандық өнім өндірушілерді қолдау туралы бастамасы жергілікті кәсіпорындар мен бизнес өкілдеріне жаңа серпін бергені сөзсіз.

Заңғар САНАЙ