$479.05 €534.57 ₽5.17
×

«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында жетім балалардың өмірін жақсарту шаралары талқыланды

AstanaTV
17.02.2015ж. 20:00
1209
«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында жетім балалардың өмірін жақсарту шаралары талқыланды

«Туған баласынан бас тартып ата-аналық жауапкершіліктен жалтарған жандардың көбеюі - қоғам үшін қауіпті. Мұндай келеңсіздікке тиым салынуы қажет. Жетім балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қолайлы жағдай жасау маңызды». Осындай бастамамен «Нұр Отан» партиясы «Бақытты балалық шақ» жобасын қолға алған. Партияның Парламенттегі фракциясы жанындағы кеңес пен Мәжілістегі Әлеуметтік даму комитеті бірлесе өткізген жиынға осы мәселе арқау болды. 

Астанадағы балалар үйінде 162 бала тәрбиеленіп жатыр. Осыдан небәрі 2 жыл бұрын мұндағы балғындар саны 250 болатын. Яғни жетім балалар саны осы уақыт аралығында айтарлықтай азайды. Бірқатары мемлекеттен баспана алып, ұядан ұшып шықса, басым бөлігін отбасылар асырап алған. Мұндағы мамандар осы жақсы үрдістің жалғасын тапқанын қалайды.

Гүлмира Қарыбаева, Астана қаласы балалар үйінің директоры:

Соңғы жылдары балаларды отбасыларына асырауға берудің жаңа үлгісі қолданысқа енгізілді. Ол бойынша бала болашақ отбасына көбірек қонаққа барып, жақынырақ танысады. Осылайша екі жақ та бір біріне бауыр басады. Бұл жаңашылдықтың нәтижесі өте жақсы. Жиі араласқан соң, бала сол отбасына әбден бауыр басып, тез үйреніп кетеді.

Еліміз бойынша жетім балалар саны бүгінде 32 мыңнан асады. Олардың арасында отбасылар асырап алған немесе патронаттық тәрбиеге алынғандары көп. «Әйтсе де, бұл әлі жеткіліксіз», - дейді «Нұр Отан» фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова.

Айткүл Самақова, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі,  әлеуметтік кеңес төрайымы:

Қазір бюджеттен ақшаны бөліп отырмыз, балаларды бағып алса деп, бірақ соған қарамастан, әлі де бала асырап алғысы келетіндер аз,  21 мыңдай бала балалар үйінде, осы біздің жүрегімізді ауыртады. Барсақ, өзіміздің қазақтың балалары көбісінде.

«Бақытты балалық шақ» жобасының мақсаты - жетім балалардың өмір сапасын арттыру. Балалардың материалдық немесе өзге де игіліктерден қағажу көрмеуін қамтамасыз ету. Ал бала асырап алғысы келетіндерге көрсетілер қолдау да уақыт өткен сайын жанданып келеді. «Нұр Отан» партиясы  фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірін жақсарту  тұрғысында әлі де талай шаруалар атқаруға ниетті.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА