Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Самұрық-Қазына» топ менеджерлері шет елдік әріптестерінен әлдеқайда аз айлық алады

AstanaTV
20.02.2015ж. 20:00
859
«Самұрық-Қазына» топ менеджерлері шет елдік әріптестерінен әлдеқайда аз айлық алады

«Самұрық-Қазына» қоры өзіне еншілес компанияларға орынсыз валюталық операциялар жасауға тыйым салды. Бұл туралы бүгін Орталық коммункациялар қызметінде қор жетекшісі Өмірзақ Шүкеев мәлімдеді. 2010 жылдан бері қорға қарасты компаниялар қаражатының 40 пайызы валютамен сақталған.

Былтыр «Самұрық-Қазына» 9,2 миллиард доллар сатып, 5,7 миллиард доллар сатып алған. 2014 жылдың басында доллармен сақталған қаржы көлемі 44 пайыз болса, жыл соңына дейін 41-ге түскен. Жалпы қордың отандық банктердегі депозиттерінің үлесі 7 пайызды құрайды. Брифингте Шүкеев топ менеджерлерінің жалақысына да тоқталды. Ол өзге елдермен салыстырғанда аз, тіпті елдегі жеке меншік компаниялардан әлдеқайда төмен дейді. 

Өмірзақ Шүкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы:

Біздің айлығымыз шет елдік әріптестердікінен бірнеше есе төмен. Ресейліктерден екі есе аз. Тіпті Қазақстандағы жеке сектордағы кейбір компаниялардан аз айлық аламыз. Жалақыны жариялап жату мамандарды тартуға қаншалықты әсер ететінін білмейміз. Олай істеу мәдениеттілікке де жатпайтын сияқты.

Қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаның» сыртқы қарызы - 37 миллиард доллар. 2015 жылы оның 4 миллиард 700 миллионын қайтаруды жоспарлапты. «Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында алынған 1 миллиард берешектен де құтылу керек», - дейді қор жетекшісі. «Мұны қордың қалтасы көтереді. Қарызды қайтару қиындық туғызбайды»,- деді Шүкеев. Биыл тағы 2 -2,5 млрд доллар қарыз алу қажеттігі туындаған. «Егер сырттан ыңғайлы қаржы көзі табылмаса, ел ішінен қарыздануымыз ықтимал», - деді қор басқармасының төрағасы.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ