$479.05 €534.57 ₽5.17
×

АҚШ-та «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінің қорытындылары жарияланды

AstanaTV
23.02.2015ж. 20:00
1271
АҚШ-та «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінің қорытындылары жарияланды

АҚШ-та «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінің қорытындылары жарияланды. Кинопремияның бас жүлдесіне Алехандро Гонсалес Иньярритудің «Бёрдмэн» фильмі ие болды. Ал үздік актер атағы «Стивен Хокингтің әлемі» фильмінде басты рольді сомдаған Эдди Рэдмэйнға бұйырды. Үздік әйел актер ретінде Джулиана Мур танылды. Алтын статуэткаға барлығы 60-қа жуық туынды үміткер болған. Алайда жүлдеге тек 20-сы ғана ілікті.

2015 жылғы «Оскар» сыйлығының төрт номинациясында үздік танылған Алехандро Гонсалес Иньярритудің «Бёрдмэн» фильмі рәсімнің триумфаторы атанды. Кинотаспа «Үздік фильм» атағымен қоса, режиссерлік жұмыс, таспагерлік өнер және үздік сценарий бойынша топ жарды.

Алехандро Гонсалес Иньярриту, режиссер:

Сөз сөйлеуге ағылшын тілінде ең нашар білетін жігітті таңдады. Қатарынан екі мексикалық азамат жүлделі болып отыр. Менің ойымша, бұл көрермен арасында күдік туғызуы мүмкін.

Американың киноакадемиясы «костюмдердің үздік дизайны» сыйлығын - «Отель Гранд Будапешт» кейіпкерлерін киіндірген Милена Канонероға табыстады. Ал барабаншы бала туралы «Одержимость» фильмі монтаж, дыбыстау және екінші пландағы еркек ролін сомдау бойынша үздік атанып, бірден үш мүсінге ие болды. «Все еще Элис» атты лентада «Альцгеймер» ауруына шалдыққан әйелді сомдаған Джулиана Мур «Үздік актриса» атанды.

Джулиана Мур, «Үздік актриса»:

Мен бір журналдан «Оскар» сыйлығына ие болған адам бес жылға жасарады деген ақпарат оқыдым. Олай болса, академияға алғысым шексіз. Мен өте қуаныштымын, себебі күйеуім менен 5 жас кіші. Актрисаларды үздік деп бөлуге болмайды. Бәрінің өз көрермені бар.

Шетел тіліндегі үздік фильм аталымы бойынша сыйлық польшалық режиссер Павел Павликовскидің «Ида» картинасына бұйырды. Айта кетейік, дәл осы номинациядан ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Левиафан» фильмі үміткер болатын. Киноакадемия Лора Пойтрастың Эдвард Сноуден жайлы түсірілген «Гражданин четыре» атты туындысын да үздіктер қатарына жатқызды. Ал «Үздік ән» номинациясында «Сельма» фильміндегі музыкалық туынды бас жүлдені жеңіп алды.

Кино өндірістегі ең беделді рәсімге қатысушылар «Қызыл төсеніш» үстіне келгенде, барынша сәнді киініп, күллі жұртты таңқалдыруға тырысты. Салтанатты кеште ең сәнді көйлек иелері де назардын тыс қалмады. Мәселен, әлемге жөн-жосықсыз киінуімін танымал Леди Гага премияға көз тартатын ақ көйлек пен ыдыс-аяқ жуушылардікіне ұқсас қолғап киіп келген. Ал өткен жылғы «Оскар» иегері Люпита Нионго биыл 6 мыңға жуық інжу моншақ тағылған көйлек киді.

Жалпы «Оскар» сыйлығының 87 рәсімін, ұйымдастырушылар барынша тартымды, әрі қызықты өткізуге тырысты.

Жұрағат БАМАН