$498.51 €522.84 ₽4.81
×

2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Ресей өтемақы төлемейді

AstanaTV
01.02.2016ж. 20:00
2098
2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Ресей өтемақы төлемейді

2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Ресей Қазақстанға өтемақы төлемейді. Бұл туралы «Астана» телеарнасы тілшісінің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко айтты. «Зымыран ауада жарылды. Оның құрамындағы гептил толықтай жанып кеткен, сондықтан ешқандай зиянын тигізбеді», - деп сендірді вице-министр. Келісімге сай, Ресей тек Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымына зиян келсе ғана, өтемақы төлеуге міндетті көрінеді. Ал отандық мамандар мен шенеуніктер гептилдің ғарыш айлағынан тыс аумақты улағанын дәлелдей алмаған.

Айгүл Әдепбай, тілші:

3 жыл бұрын құлаған зымыран жырына осымен нүкте қойылған сыңайлы. Ресей «Қазақстанға бір тиын төлемейміз» деп қысқа қайырған. Теріскей көршіміз өз зымыранының ғарыш айлағы аумағына жатпайтын өзге қандай жерлерге залал келтіргенін дәлелдеуді талап еткен. Өкінішке орай, отандық мамандар мен шенеуніктер басқарған комиссиялар зымыраннан келген зиянды дәлелдей алмаған. 

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Олар өздері шығынға батты. Біз космодромнан тыс аумаққа келген шығынды анықтай алмадық. Сондықтан төлемдер туралы келіссөздер нақты бір сомма белгіленбеген күйі аяқталды.

Владимир Божконың сөзіне сенсек, зымыран ауада жарылып, гептил өртеніп кетіп, экологияға бір түйір залал келмеген. Ал сенаторлар бұған сенбейді. Мәселен, Мұрат Бахтиярұлы қоршаған ортаға зиян тимеуі мүмкін емес деген пікірде.

Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өте өкінішті Ресей тарапының осы шығынды бермегені. Ол 13 млрд деген, 13 миллиардтың үстіндегі қаржы - Ресей үшін көп те қаржы емес. Бірақ, өкінішке орай, экологиялық зардап келді. Естіріңізде бар ма, былтыр киіктердің, ақбөкендердің қырылғанын кейбір мамандар, сарапшылар содан көріп жатыр. Сондықтан да, өкінішке орай, біздің Қазақстанның жағында осы шығындарды есептейтін мамандардың жоқтығы, арнайы зертханалардың жоқтығы да өзінің кедергісін келтірді. 

«Протон-М» зымыран тасығышы 2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан көкке көтеріле бере омақаса құлаған еді. Сол тұста Аэроғарыш комитетінің төрағасы, шығын Қазақстан мен Ресей ортақ есеп әдістемесін дайындап шығарған кезде төленеді, деген болатын. 

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті экс-төрағасы (04.06.2015ж.):

Асылында, бұл сұрақ, шығынды біріге отырып есептеуге мүмкіндік беретін ортақ құжат, не нұсқаулық шықпайынша, шешілмейді. Қазір олар сондай құжатты ресейліктермен бірге дайындап жатыр. Сондықтан ортақ нұсқаулық қабылданбайынша, бұл мәселе реттелмейді.

Осылайша, Қазақстан Үкіметінің өтемақыға қатысты талабы да, отандық комиссиялардың зерттеулері де зая кеткен сыңайлы. Ал  зымыранмен бірге жарылған 200 тонна улы гептил мен 400 тонна амил қазақ топырағына сіңіп кетті ме, әлде шынында ауада жанып жойылды ма - бұл сұрақтың нақты жауабын табу күрделі күйінде қалып тұр..

Айгүл ӘДЕПБАЙ