$477.62 €527.67 ₽5.25
×

Ресми Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті

AstanaTV
01.02.2016ж. 20:00
1571
Ресми Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті

Ресейдің СУ-34 әскери ұшағы Түріктің әуе кеңістігін тағы да бұзды. Түркия үкіметі ресми Мәскеуді осылай деп айыптап отыр. Ал Ресей тарапы «бұл айыптау жалған» деп мәлімдеді.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры:

Әуе кеңістігін бақылайтын радиолокациялық станция, ауадағы нысанның қанша биіктікте, жылдамдығы қандай екенін, анықтай алады. Мұндай радарлардың ешқайсысы әуе көлігінің кімге тиесілі екенін, яғни оны Ресей немесе АҚШ басқарып отырғанын нақты айта алмайды. Оны басқа ұшақтан тікелей көзбен көру арқылы айтуға болады. Ал ондай ұшақ ол жерде болмаған.

Еске салсақ, қаңтардың 29 күні Түркияның Қорғаныс министрлігі дабыл қаққан. Олар Түркия уақытымен сағат 11:46-да Сириядағы лаңкестерді бомбалауға бағыт алған орыс ұшағы әуедегі шекарамызды кесіп өтті дейді.  Түріктің әскери ведомствосы таратқан ақпаратқа сенсек, ресейлік ұшақ бірнеше секунд Анадолы әке кеңістігінде қалықтаған. Бөтен әуе көлігін байқаған түрік шекарашылары орыс және ағылшын тілінде ескерту жасаған. Ресми Анкара  аталмыш оқиға әуе кеңістігін бақылайтын радарға тіркелгенін айтады. "Тіпті бұл жағдайды НАТО-лықтар растап отыр",- дейді.

Ахмет Дәуітоғлы, Түркияның премьер-министрі:

Төтенше жағдай тіркелген бойда, Ресейдің Түркиядағы елшісін шақыртып, оқиғаны баяндадық. Орыс ұшағы тағы да халықаралық ережені бұзғанын жеткіздік.  Ресей ұшағы біздің әуе кеңістігімізді аз уақытқа болса да бұзғаны анық. Барлығы  НАТО-ның радарына тіркеліп, жазылған. Біздің Ресейге қарсы қақпан құрған жоқпыз, жаман ниетіміз де жоқ. Алайда өзімізге тиесілі шекараны біреу бұзса, қарап қалмайтынымызды ескертеміз.

Самат СҮЛЕЙ