$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ұзақбай Қарабалин: Қара алтын құны жаһандық деңгейде төмендесе, біздегі бензин тағы да арзандауы мүмкін

AstanaTV
25.02.2015ж. 20:00
1373
Ұзақбай Қарабалин: Қара алтын құны жаһандық деңгейде төмендесе, біздегі бензин тағы да арзандауы мүмкін

Төртінші мұнай өңдеу зауытының қай облыстың аумағында салынатыны әзірге нақтыланған жоқ. Бүгінде Энергетика министрлігінің жұмыс тобы аталған мәселе бойынша 6-7 ұсынысты қарастырып жатыр. Ведомство басшысының бірінші орынбасары «Астана» телеарнасы тілшісінің сұрағына осылай деп жауап берді.

Ұзақбай Қарабалин сонымен қатар бензиннің бағасы әлі де төмендеуі мүмкін екенін болжап, бағы жанбай қойған Қашағанның қашан қосылатынын айтты. «Бензин бағасы тағы да төмендеуі мүмкін», - деп қуантқан вице-министр іле-шала баға көтеріліп кетуі де ықтимал екенін айтып, қуанышты ұзаққа созбады. «Барлығы мұнайдың жаһандық бағасына тіреледі», - деді.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Оның себебі мұнай бағасы төмендеген сайын, бензин бағасы бағынышты болады. Және бензин бағасы үкімет тағайындаған ережесі бойынша есепетеледі. Сол ереже бойынша әлі де мұнай бағасы төмен түсетін болса, әрине, бензин бағасы да төмендейді. Бірақ мұнай бағасы көтерілсе, онда түсінікті - бензин бағасы да көтеріледі.

Бензин құны соңғы 1-2 айда 3 рет төмендеді. Алдымен өткен жылдың соңында Аи-92/93 маркасы 115 теңгеге сатылды. Жыл басында тағы өзгеріп, ең өтімді марка 107 кей жерде 105 теңгеге дейін арзандады. Бүгінде бұл көрсеткіш - 99 теңге. Ұзақбай Қарабалин, төртінші мұнай өңдеу зауытының қай өңірде орналасатыны әлі белгісіз, деді. Министрлікке келіп түскен ұсыныстардың тиімді-тиімсіз тұстары талданып жатқан сыңайлы.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Біріншіден, мұнай өңдеу зауыты неғұрлым тұтынушылардың көп жеріне жақын болғаны дұрыс. Себебі, мұнай болсын, бензин болсын, басқа жанармай болсын, жеткізуінің өзі, транспорттық көлемі ертең көтеріліп кетеді. Екіншіден, мұнай құбырларының болғаны дұрыс. Себебі құбырмен әкелмесе, темір жолмен тасымалдау қымбаттап кетеді. Мұнай зауытынан шығатын өнім біздің мұқтажымыздан артық болады.

Қашағанның қашан қарық қылатынына тоқталған вице-министр бұған дейін болжанған мерзімнің өзгермегенін айтты. Яғни 2016 жылдың екінші жартысы. Ал құбыр тарту ісі биыл басталады деп жоспарлануда. Қажетті құбырлар сатып алынған. Дегенмен, әлемдік мұнай бағасының құлдырауын отандық мұнай өндіруші компаниялар сезініп отырған көрінеді. «Қазір қара алтынның баррелі 58 доллар болса, кей отандық компанияның шығыны бұл көрсеткіштен артып отыр», - дейді вице-министр. Сондықтан оларға салықтық жеңілдік жасалуы мүмкін.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

«Ембімұнайгаз» көрсеткен мағлұматтарда - 54 доллар, бір баррельге 54 доллардай шығын шығады екен. «Өзенмұнагазда» 71 доллар болып шығады. Экспорттық кедендік бажды төмендету жағдайын қарауға және сонымен қатар төлемдердің мөлшерін оптимизация жасауға, соған жұмыс жасап жатырмыз.

Қашаған қаңтарылып тұрғандықтан, биылға жоспарланған мұнай өндірісі 80,5 млн тонна болады деп күтіліп отыр. Десе де алдағы жылдары өндіріс артпақ. Екі жылдан соң 86, ал 2020 жылы 104 млн тонна мұнай алуға дәмеліміз. Экспортқа 60 млн тонна жөнелтуді межелеп отырмыз. Сандарды сатырлатып тізіп берсе де, брифингтен асығып кеткен Ұзақбай Қарабалин журналистердің біраз сұрағын жауапсыз қалдырды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ