$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге 1 млрд теңге қарыз

AstanaTV
02.02.2016ж. 20:00
1660
Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге 1 млрд теңге қарыз

Өткен жылы мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге 1 млрд теңге шамасында қарыз болып қалған. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов мәлімдеді. Палата өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік органдардан берешекті қайтару қиямет-қайым. Ал сот орындаушылары мемлекеттен ақша өндіруде құлықсыздық танытатын көрінеді. 

Олег Савеленко, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры:

Көбіне мемлекеттік сатып алулар кезінде болады. Кәсіпкер белгілі бір жұмысты орындайды, бірақ ол үшін көк тиын ақы алмайды. Мәселен, құрылыс-жөндеу жұмыстарын жасайды, тауар жеткізеді, өзге де қызмет көрсетеді. Акт болса да, мемлекеттік органдар төлемей қояды. Өйткені бұл іске бюджетте әуелбаста ақша бөлінбеген болып шығады.

Алайда, Әділет министрлігінің өкілі кәсіпкерлерге қарыздың жартысынан астамы қайтарылғанын айтты. Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік мекемелердің бюджетінде кей қызмет түрлеріне ақша салынбайды.

Жанар Бегалиева, ҚР Әділет министрлігі сот актілерін орындау департаментінің жетекшісі:

Мемлекеттік органдар ол қарыздарын өтей алмайды. Өйткені 165-ші өзгешелік бойынша, жұмыс белгілі бір ерекшелікпен жүреді. Көбіне ақша жоқ. Яғни бюджетте кейбір қызметтерге қаржы қаралмайды. Өйткені кейбір мемлекеттік органдар өздеріне қатысты сот актілері келеді деп ойламайтын сияқты. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ